Атырауда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған Ашық есік күні өтті.
Кәсіпкерлер палатасының қатысуымен өткен шараға қала мен облыстан 200-ден астам бизнес өкілі қатысып, бизнесті қолдау тетіктері жөнінде мамандардан кеңес алды.
Іс-шара барысында кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, субсидиялау және кепілдік ұсыну сияқты қаржылық қолдау құралдары таныстырылды. Сонымен бірге салық салу, қаржыландыруға қол жеткізу және бизнесті жүргізу мен кеңейтуге қатысты мәселелер бойынша консультациялар берілді.Ашық есік күніне Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының мамандары да қатысып, кәсіпкерлердің сауалдарына жауап берді. Атап айтқанда, Палатаның Салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Еркебұлан Бадел бизнес өкілдеріне мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен қаржыландыру мүмкіндіктері туралы түсіндірме жасады.
«Мұндай іс-шаралар кәсіпкерлерге өз сұрақтарына бейінді мамандардан тікелей жауап алуға мүмкіндік береді. Кеңес барысында қаржылық қолдауға қол жеткізу, бағдарламаларға қатысу шарттары, несие алу мүмкіндіктері және бизнесті дамытуға қатысты практикалық мәселелер жиі көтерілді. Кәсіпкерлер палатасы үшін осындай алаңдарда бизнес өкілдеріне қажетті консультациялық қолдау көрсету маңызды», – деді Еркебұлан Бадел.
Кәсіпкерлерге «Даму» қоры, Атырау облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Мемлекеттік кірістер департаменті, екінші деңгейлі банктер және өзге де ұйымдардың өкілдері кеңес берді.
Ашық есік күні кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпаратты тікелей мамандардан алуына, қаржыландыру мүмкіндіктерін талқылауына және бизнесті дамытуға қатысты мәселелер бойынша кеңес алуына мүмкіндік берді.
Майра ЕРҒАЛИ



