29 қазан - Кәсіпкерлер күніне орай Атырау облысында бірқатар кәсіпкер өңір басшысының алғыс хатына ие болды.
Марапат иелерінің қатарында түрлі салада еңбек етіп жүрген кәсіп иелері бар, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиында Атырау облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәттіғұл Сабыров кәсіпкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, өңір экономикасын дамытуға қосқан үлестеріне алғыс білдірді.
- Өңірде кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және отандық өндірушілерді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазір облыста 60 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 130 мыңға жетті. Мұндай нәтижеге қол жеткізуде сіздердің де үлестеріңіз зор. Еңбектеріңіз жемісті болып, кәсібіңіз өркендей берсін. Мерекелеріңіз құтты болсын! - деді С. Сабыров.
Салтанатты іс-шарада 14 кәсіпкер марапатталды. Олардың қатарында “Қазақстанның кәсіпкер әйелдерінің одағы” қауымдастығының Атырау облысы бойынша өкілі, “Шапағат УЕУ” қоғамдық бірлестігінің президенті, “Сенім-2030”жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, сондай-ақ “Цветы Лолы”, “СтройАман” және “Исмайл” кәсіпорындарының жетекшілері мен өзге де жеке кәсіпкерлер бар.
Марапат кәсіпкерлердің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін және өз саласындағы еңбегін бағалау мақсатында табысталды.




