23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай Атырау қаласында алғаш рет ауқымды «Кітап FEST» фестивалі өтті. Сұлтан Бейбарыс алаңында ұйымдастырылған мерекелік шараға кітапсүйер қауым көптеп жиналып, рухани кештің куәсі болды.
Фестиваль алаңында ерекше атмосфера орнады: бір жерде кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылса, енді бір жерде авторлармен кездесу. Оқырмандар қазіргі қазақ әдебиетінің өкілдеріне сұрақ қойып, шығармаларын талқылап, әдеби ортада еркін пікір алмасты.
Іс-шараға еліміздегі ірі баспа үйлері қатысты. Олардың қатарында “Жазушы”, “Атамұра”, “Qasym”, “Қазақ кітабы”, “Көкжиек-Горизонт” және өзге де баспа ұйымдары бар. Кітап іздегендер де, автормен жүздескісі келгендер де, жай ғана рухани кештің бір бөлшегі болғысы келгендер де осы алаңнан табылды.
«Кітап FEST» мерекесі атыраулықтардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды насихаттаған мазмұнды кеш ретінде есте қалды. Бір сөзбен айтқанда, Атырауда бүгін кітап сәнге айналды.
Хұсни ХАМЗА



