Аталған іс-шараның негізгі мақсаты - волонтерлік қызметті дамыту, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдау, сондай-ақ жастар арасында өзара ынтымақтастық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Фестиваль аясында танымал спикерлермен кездесулер ұйымдастырылды. Қатысушылар блогерлермен, халықаралық ұйым өкілдерімен және волонтерлік қозғалыс көшбасшыларымен тікелей пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Солардың бірі - Шәрбану Есенғазықызы Нұрғазы, БҰҰ Балалар қорының (UNICEF) жастармен жұмыс жөніндегі координаторы. Ол жастармен кездесіп, өзінің волонтерлік жолы мен халықаралық ұйымдардағы тәжірибесі туралы әңгімеледі.
“Волонтерлікке қалай келгенім, оның жастарға қандай мүмкіндік беретіні туралы сұрақтарға жауап бердім. Өзім бұл салаға 10 жыл бұрын келдім. Волонтерлік арқылы халықаралық ұйымға жұмысқа орналасуға мүмкіндік алдым. Бүгін жастармен өз тәжірибеммен бөлістім. Жастарға айтарым - үнемі оқып, дамып, ізденісте болыңыздар.” - деді ол.
Фестиваль аясындағы кездесулер жастарға жаңа мотивация беріп, волонтерлік қызметтің қоғамдағы рөлін кеңінен насихаттауға бағытталды.
Ақтілек Базарбаева



