Атырауда Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі архив ісінің 100 жылдығына орай «Ғасырлық жады – ұлтқа аманат» атты көшпелі архивтік-құжаттық көрме өтті.
Көрме Атырау қаласында алғаш рет ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Танымдық іс-шараны Атырау облысының Цифрландыру және архивтер басқармасы ұйымдастырды. Көрменің мақсаты – архив қорларында сақталған құнды құжаттарды көпшілікке таныстыру, тарихи мұраны насихаттау және жас ұрпақтың ел тарихына қызығушылығын арттыру.

Көрмеге Түркістан өңірінің тарихына қатысты 1926 жылдан бергі архив құжаттары, сирек кездесетін фотосуреттер мен тарихи деректер қойылды. Құжаттар арқылы өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени өмірінің әр кезеңі қамтылған.
– Архив құжаттары – өткеннің үнсіз куәсі. Әрбір құжат белгілі бір кезеңнің шындығын, сол уақыттағы қоғамның тыныс-тіршілігін айғақтайды. Көрмеге Түркістан өңірінің тарихынан сыр шертетін бірегей құжаттар мен фотоматериалдар әкелінді. Мұндай көрмелер архив қорларында сақталған құнды мұраларды халыққа таныстырып, тарихымызды тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді, – деді Түркістан облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Гүлнар Шардарбекова.

Тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин архив құжаттарын сақтау, зерттеу және цифрландырудың маңыздылығына тоқталды.
– Цифрландыру арқылы құнды деректердің қолжетімділігін арттырумен қатар, түпнұсқа құжаттарды да сақтауға ерекше мән беру қажет. Өйткені архив қорларындағы тарихи мұра – келер ұрпаққа қалдыратын баға жетпес аманат, – деді ғалым.
Көрмеге Түркістан облысы мемлекеттік архивінің өкілдері, тарихшы-өлкетанушылар мен жастар қатысты.



