Атырауда Ғабдол Слановтың әдеби мұрасы насихатталды

Көрнекті жазушы Ғабдол Слановтың туғанына 115 жыл толуына орай Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімінде танымдық іс-шара өтті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кездесуге бөлімнің тұрақты оқырмандары қатысып, қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығы туралы кеңінен мағлұмат алды. Сондай-ақ жазушының әдеби мұрасы, туындыларының тақырыбы мен мазмұны таныстырылды.

 

– Іс-шараның басты мақсаты – оқырмандарды жазушының өмірі және шығармашылығымен кеңінен таныстыру, олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, рухани-мәдени құндылықтарды дәріптеу, – деді бөлім тифлопедагогі Гүлжанат Тастамбекова.

 

Іс-шара барысында Ғабдол Слановтың шығармаларынан үзінділер оқылып, қатысушылар қаламгердің туындылары туралы пікір алмасты.

 

– Мен осы бөлімнің 30 жылға жуық тұрақты оқырманымын. Кітапханада ұйымдастырылатын іс-шараларға қатысып, шығармаларды бірге талқылаған ұнайды. Бүгін де жазушы туралы көптеген танымдық ақпарат алып, ерекше әсерге бөлендік. Іс-шара жоғары деңгейде өтті, – деді оқырман Қонысғали Сәттіғұлұлы.

 

Қазір кітапхананың көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімінде 500-ге жуық тұрақты оқырман бар.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT