Өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Algiz» дамыту орталығы жаңа кешен ретінде есігін айқара ашты.
Тоғыз жылдық тәжірибесі бар орталық бұған дейін басқа атаумен жұмыс істеп келген. Бүгінде атауы өзгеріп, мүмкіндігі кеңейген орталық балалардың ойлау қабілеті мен дене дамуын жетілдіруге бағытталған қызметтер ұсынбақ.Жаңа кешенде балалардың жеке қажеттіліктеріне сай дамуына барлық жағдай жасалған. Мұнда логикалық ойлау, қимыл-қозғалыс дағдыларын жетілдіруге арналған сабақтармен қатар, дене шынықтыру бағыттары қамтылған.
Орталық басшысы Әйгерім Төлеусарының айтуынша, мұндағы сабақтар әр баланың ерекшелігі мен қажеттілігіне қарай жеке өткізіледі.– Мұнда балаларға қажетті сабақтардың барлығы қарастырылған. Атап айтқанда, бейімдік дене шынықтыру, сенсорлық ықпалдастыру секілді бағыттар бойынша жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар, гидромассажды ванна мен тұз шахтасы да бар. Балалар үш сағаттың ішінде өздеріне қажетті бірнеше бағыт бойынша сабақ алып, кешенді қолдауға ие бола алады. Басты мақсатымыз – әр баланың қабілетін ашып, дамуына мүмкіндік жасау. Осындай дамыту кешендері Астана мен Ақтау қалаларында да жұмыс істейді, – дейді Әйгерім Жұмақұлқызы.
Орталық күніне 200 балаға дейін қабылдай алады. Жеке сабақтар баланың даму ерекшелігін ескеріп, әрқайсысымен жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
Жаңа кешеннің ашылу салтанатында тұсаукесер рәсімін тәрбиеленушілер бастап, орталықтың есігі салтанатты түрде ашылды. Жиналған қонақтар балалардың қуанышына ортақтасып, ізгі бастаманың куәсі болды.
Осылайша, «Algiz» орталығының жаңа кешені ерекше балалардың әлеуетін ашуға, танымдық және физикалық қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ күнделікті өмірге бейімделуіне қолдау көрсететін маңызды орынға айналмақ.
Іңкәр ЖҰМАҚҰЛ




