Атырауда Энергетика вице-министрі тұрғындармен кездесті

Атырау облысына ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров жұмыс сапарымен келіп, өңір тұрғындарымен кездесті.

Жиында мұнай-газ және энергетика салаларына қатысты өзекті мәселелер талқыланды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кездесуде жер қойнауын пайдалану құқығын беру, жаңа кен орындарын игеру, мұнай қорын толықтыру және өндіріс көлемін сақтау мәселелері көтерілді.

Вице-министрдің айтуынша, биыл жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша 100-ден астам аукцион өткізу жоспарланған. Оның ішінде 18 қарашада 26 нысан бойынша, кейін тағы 54 нысан бойынша аукцион өткізу көзделіп отыр. Бұл нысандардың тең жартысынан астамы Атырау облысына тиесілі.

 

– Мен үшін басты міндеттердің бірі – пайдалы қазбалар қорын толықтыру. Елімізде 15 шөгінді бассейн бар. Оның төртеуі толыққанды игеріліп жатыр. Қалған бассейндердің әлеуетін пайдалану бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар жер қойнауын пайдалану құқығын беру рәсімі де жеңілдетілді, – деді Ерлан Ақбаров.

 

Сондай-ақ ол қазіргі мұнай өндіру көлемін сақтау және арттыру стратегиялық міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, көптеген кен орындары игерудің соңғы кезеңіне жақындаған. 

 

 

-Осыған байланысты мұнай алуды арттыру технологияларын енгізуге басымдық берілуде. Осы мәселеге қатысты Астанада мұнай форумы өтіп, стратегиялық маңызы бар құжат қабылданды. Бұл – мемлекет, сала және кен орындарында еңбек етіп жүрген мамандар алдындағы жауапкершілік, – деді вице-министр.

 

Бұдан бөлек, тұрғындар электр энергиясының тарифі, жылу жүйелеріндегі жабдықтардың жай-күйі және олардың қысқы кезеңге дайындығы жөнінде сұрақтар қойды.

 

Кездесу барысында көтерілген мәселелер бойынша жауапты мамандар түсініктеме беріп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT