Атырауда өңірдегі этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары арасында дәстүрлі «Бірлікке үн қосқан» облыстық фестивалі мәресіне жетті.
Ауқымды мәдени жобаның негізгі мақсаты — қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық әлеуетін арттыру, сондай-ақ өңірдегі мәдени алуантүрлілік пен ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау.
Салтанатты шара Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония сахнасында ұйымдастырылды. Фестиваль барысында өңірімізде тұратын түрлі этнос өкілдері көрермен назарына ұлттық әндер мен билерді, дәстүрлі музыкалық шығармаларды, театрландырылған қойылымдар мен этномәдени композицияларды ұсынды. Сонымен қатар, шара аясында әр ұлттың бай тарихы мен эстетикасын паш ететін ұлттық киім үлгілерінің арнайы сән көрсетілімі өтті.
Өнерпаздардың шеберлігін мәдениет пен өнер саласының тәжірибелі сарапшыларынан құралған қазылар алқасы сарапқа салды. Фестиваль қорытындысы бойынша үздік деп танылған ұжымдар мен орындаушылар 13 түрлі номинация бойынша марапатталды.
Шараның басты жүлдесі — «Ұлттар үндестігі» Гран-приін Изабелла Галстян жеңіп алды. Енді ол Астана қаласында өтетін республикалық қорытынды Гала-концертте Атырау облысының намысын қорғайтын болады.



