Атырауда балалардың құқығын қорғау жүйесі күшейтілуде

Атырау облысында балалардың құқығын қорғау бағытындағы жұмыс жаңа құрылым арқылы жүйеленіп келеді.

Қыркүйек айында құрылған Балалар құқықтарын қорғау басқармасына осы уақытқа дейін 24 өтініш пен хабарлама түскен.

 

Бұл туралы басқарма басшысы Гүлнафис Айшуақова баспасөз брифингінде мәлім етті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

Қыркүйек айынан бері басқармаға 111 бірыңғай байланыс орталығы, «Е-өтініш» жүйесі, сенім телефоны және ресми хаттар арқылы 24 өтініш пен хабарлама келіп түскен. Басқарма басшысының айтуынша, олардың барлығы құқық қорғау органдары мен психологиялық қолдау орталығы өкілдерінің қатысуымен қаралып, мәселелер оң шешімін тапқан.

 

– Баланың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау үшін мәселені дер кезінде анықтап, тиісті көмек көрсету маңызды. Сондықтан қорғаншылық органдары, білім беру ұйымдары, психологтер мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысына басымдық береміз, – деді Гүлнафис Айшуақова.

 

Бүгінде психологиялық қолдау орталығында 35 маман қызмет етеді. Есептік кезеңде мамандар 53 жеке консультация өткізіп, 15 диагностикалық зерттеу жүргізген. Сонымен қатар облыстағы 239 мектеп пен 25 колледжге «Balazhan» психологиялық сүйемелдеу жүйесі енгізілген. Қазір жүйеде 124 739 білім алушы тіркелген.

 

Алдағы уақытта Атырау қаласы мен жеті аудан орталығында жәбірленген балаларға арналған психологиялық қолдау кабинеттерін ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 2027 жылы балалардың құқықтарын қорғау орталығын құру көзделген.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT