Бүгін облыстық балалар ауруханасы заманауи медициналық жабдықтармен толықты.
Жаңа құрылғылар балалардың денсаулығын бақылау, күрделі дерттерді дәл анықтау және шұғыл жағдайларда уақтылы медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін арттырады.
Медициналық техника AYALA қайырымдылық қорының «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асырып келе жатқан «Өмір сыйлайық» жобасы аясында табысталды.Жобаның басты мақсаты – перзентханалар мен балалар ауруханаларын заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы нәрестелер өлімін және туа біткен мүгедектік деңгейін төмендетуге үлес қосу.
2025–2026 жылдары демеушілік қолдау нәтижесінде Атырау облыстық балалар ауруханасына бірқатар заманауи медициналық құрылғы берілді. Олардың қатарында Aguilion Lightning TSX-036A компьютерлік томографы, Logiq TOTUS ультрадыбыстық диагностикалық жүйесі, бес IM 80 пациент мониторы және бес HAMILTON C1 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Сондай-ақ аурухана қоры Chammed CU1 Smart ЛОР-комбайнымен және PRESSIO2 бассүйекішілік қысымды бақылау жүйесімен толықты.
Жаңа жабдықтар дәрігерлерге науқастардың жағдайын жан-жақты бағалауға, өмірлік маңызды көрсеткіштерін үздіксіз бақылауға және күрделі клиникалық жағдайларда қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе шұғыл медициналық араласуды қажет ететін балалар мен жаңа туған нәрестелерді емдеуде маңызды.
Атырау облыстық балалар ауруханасы өмірінің алғашқы күндерінен бастап 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсетеді. Мұнда шұғыл медициналық және хирургиялық емдеуді қажет ететін нәрестелер де қабылданады. Заманауи техниканың қолжетімді болуы аурухананың диагностикалық әлеуетін арттырып, емдеу сапасын жақсартуға жол ашады.AYALA қайырымдылық қоры «Өмір сыйлайық» республикалық жобасын 2007 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Атырау облысында бұл бастама 2011 жылдан бастап іске асырылуда. Осы уақыт ішінде облыстық перинаталдық орталыққа, қалалық перзентханаға және облыстық балалар ауруханасына 100-ден астам реанимациялық әрі диагностикалық жабдық жеткізілген.
Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған мұндай қайырымдылық бастамалары медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып қана қоймай, медициналық көмектің сапасын арттыруға да ықпал етеді.
Атырау облыстық балалар ауруханасы балалардың денсаулығын сақтауға және медицина саласын дамытуға қолдау көрсетіп келе жатқан «Теңізшевройл» компаниясына және AYALA қайырымдылық қорына шынайы алғыс білдіреді.
Мәлике МӘЛІК




