Атырау облысында ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны артты.
Биыл өңірдегі техниканың жаңару деңгейі 62,92 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 37,76 пайыз болған.
Шаруалардың заманауи техникаға қолжетімділігін арттыру үшін мемлекеттік қолдау тетіктері жүзеге асырылуда. Соның бірі – ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікті лизинг арқылы сатып алу.
Бүгінде техника алуға 81 өтінім қабылданып, 152 қаржылық лизинг шарты жасалған. Нәтижесінде өңірдегі аграрлық құрылымдар тракторлар, жемшөп дайындайтын техника және аспалы жабдықтармен қамтылуда.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге инвестициялық субсидиялау және жеңілдікті лизинг бағдарламалары арқылы қолдау көрсетілуде. Бұл шаруаларға заманауи әрі өнімділігі жоғары техниканы тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік береді.
Техникалық парктің жаңаруы маусымдық жұмыстарды уақытылы жүргізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және өндірістік шығындарды азайтуға ықпал етеді. Әсіресе егін егу, жинау және жемшөп дайындау кезеңдерінде заманауи техниканың маңызы зор.
Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану арқылы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің материалдық-техникалық базасын нығайту көзделіп отыр.



