Atyrau Open 2026 турнирінде армениялық гроссмейстер жеңіске жетті

Атырауда халықаралық Atyrau Open 2026 шахмат фестивалі аяқталды. Негізгі Masters турнирінде армениялық гроссмейстер Эмин Оганян жеңімпаз атанып, 9 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

Екінші орынды қытайлық шахматшы Цзян Хаочэнь иеленсе, үшінші орын грузиялық гроссмейстер Баадур Джобаваға бұйырды. Қазақстандық шахматшылар арасында үздік нәтиже көрсеткен Алдияр Ансат бесінші орынға тұрақтады.

 

12–20 қазан аралығында «Атырау» көрме орталығында өткен жарыс классикалық шахматтан Қазақстан кубогының үшінші әрі қорытынды кезеңі болды. Masters және Open турнирлеріне әлемнің түрлі елінен 200-ден астам шахматшы қатысып, бақ сынады. Олардың қатарында 32 гроссмейстер бар.

 

– Турнирдегі партиялар өте тартысты өтті. Қарсыластардың бәрі мықты болды. Дегенмен көш басына шығып, турнир соңына дейін өз орнымды сақтап қалдым. Қазақстандық шахматшылардың деңгейі жоғары. Мұнда мықты шахмат мектебі қалыптасқан. Рейтингі төмен болғанымен, ойын шеберлігі жоғары шахматшылар да бар. Олармен ойнау оңай болған жоқ, – деді Эмин Оганян.

 

Әйелдер арасындағы бәсекеде қазақстандық Әсел Серікбай үздік нәтиже көрсетті. Екінші орынды үндістандық Вантика Агравал иеленсе, үшінші орын атыраулық Зарина Нұрғалиеваға бұйырды. Ал Open турнирінің жеңімпазы астаналық Сәтбек Ахмединов атанды.

 

Фестивальдің жалпы жүлде қоры 50 миллион теңге. Оның 45 миллион теңгесі Masters турниріне, 5 миллион теңгесі Open бәсекесіне бөлінді.

 

Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасовтың айтуынша, облыс әкімдігімен Atyrau Open турнирін дәстүрлі түрде өткізу жөнінде келісім жасалған. Сонымен қатар Атырауда әлемдік деңгейдегі шахмат мектебін ашу жоспарланып отыр.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT