Атырау облысының тұрғындары әлемдік рекорд орнатты

Атырау облысының Жылыой ауданында өткен GREEN JYLYOI EXPO – 2026 халықаралық экологиялық фестиваліне 5 700-ден астам адам қатысып, тазалық жұмыстарына бірлесе атсалысты.

Нәтижесінде ауданның жетістігі Global Best of Records (GBR) халықаралық рекордтар кітабына енді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

«Таза Жылыой – жарқын болашақ!» ұранымен ұйымдастырылған акция аясында Құлсары қаласынан Атырау бағытына қарай Ұлы Жем көпірінен ГАИ бекетіне дейінгі 6,5 шақырым аумақта тазалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 180 тонна қоқыс жиналды. Жұмыс төрт сектор бойынша ұйымдастырылып, қатысушыларға қажетті құрал-жабдықтар мен ауызсу таратылды.

 

Фестиваль барысында аудан әкімі Жұмабек Қаражанов экологиялық бастамаға белсенді қатысқан тұрғындарға алғыс білдірді.

 

«Бұл – Жылыой жұртшылығының бірлігі мен туған жерге деген жанашырлығының айқын көрінісі. Ортақ мақсат жолында жұмылып, ауданымыздың тазалығы мен көркеюіне үлес қосқан баршаңызға алғысымды білдіремін», – деді аудан әкімі.

 

GREEN JYLYOI EXPO тұрғындарды ортақ экологиялық іске жұмылдырумен қатар, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттыруды көздеді. Фестиваль аясында көрме, жәрмеңке, фотосессия және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сондай-ақ тазалық жұмыстарына белсенді қатысқан азаматтар марапатталды.

 

Фестивальдің қорытынды бөлімінде Азия мен Африка елдері бойынша GBR әлемдік рекордтар кітабының бас офицері, Қазақстан рекордтар кітабының (КИнЭС) ресми өкілі Қ. Құдайбергенов Жылыой ауданында әлемдік рекорд тіркелгенін жариялады. Аудан жетістігін растайтын арнайы сертификат табысталды.

 

Оның айтуынша, GREEN JYLYOI EXPO бастамасының халықаралық рекордтар кітабына енуі – аудан тұрғындарының бірлігі мен ортақ іске жұмыла білетінінің айғағы.

 

Жылыойда өткен экологиялық фестиваль тұрғындардың туған жер тазалығына деген жанашырлығын танытып, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамалардың маңызын көрсетті.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT