Атырау облысында машина жасау өндірісінің көлемі 33,4 пайызға артты

Атырау облысында машина жасау саласында 144 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 4 ірі, 2 орта және 138 шағын кәсіпорын бар.

Биыл қаңтар-тамыз айларында өңірдегі машина жасау өндірісінің көлемі 91,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,4 пайызға артты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Әсіресе металл бұйымдарын дайындау саласындағы қарқын жоғары. Машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату бағытындағы өндіріс көлемі 67 млрд теңгеге жетіп, 16,3 пайызға өскен.

 

– Аймақта былтырдан бері вагон жасау өндірісі жолға қойылды. Кәсіпорын өткен жылдан бері 1000 вагон шығарды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1500 вагонға жеткізу жоспарланып отыр. Машина жасау саласының өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында жалпыұлттық пул аясында биыл жалпы құны 158 млрд теңге болатын екі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Жобалар нәтижесінде 90 жаңа жұмыс орны құрылады, – деді облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Ақбөбек Шарғабаева.

 

Жоспарланған жобалардың бірі – «HuaLin Energy Ltd» ЖШС-нің «Газ-поршеньді электр станциясы» жобасы. Инвестиция көлемі 153,6 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында 40 жаңа жұмыс орны ашылады.

 

Сондай-ақ «BUILTEX» ЖШС Атырау қаласында жылу алмастырғыш жабдықтар зауытын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 4,487 млрд теңге. Нәтижесінде 50 жаңа жұмыс орны құрылады.

 

Екі инвестициялық жоба да Атырау қаласында жүзеге асырылады.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT