Атырауда өткен «Заң мен тәртіп — қауіпсіз балалық шақ кепілі» тақырыбындағы жиында өңір басшысы Серік Шәпкенов балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында арнайы басқарма құруды тапсырды.
Жиын барысында мектептердегі қауіпсіздік, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және білім беру ұйымдарындағы тәртіп мәселелері кеңінен талқыланды. Ашық диалог форматында өткен кездесуге Оңал Бекеев, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.




Облыс әкімі жаңа басқарма балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелеп, жауапты мекемелердің қызметін үйлестіруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша, бұл құрылым құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейтіп, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге және балалар үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сондай-ақ жиында ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, үйірмелер мен спорттық секцияларды дамыту мәселелері де көтерілді. Әсіресе ауыл мен қала балаларына тең мүмкіндік жасау қажеттігі айтылды.
Айта кетейік, жаңа басқарма білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы кешенді жұмысты жаңа деңгейге шығармақ.



