Атырау облысында 8 айда 4,5 млн-ға жуық медициналық қызмет көрсетілді

Атырауда «Қызмет алушылар күніне» орай тұрғындарға арналған ашық есік күні өтті.

Іс-шараны №7 қалалық емхананың мамандары Infinity Plaza ойын-сауық кешенінде ұйымдастырды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

Биылғы қаңтар-тамыз айларында облыста денсаулық сақтау саласында 4,5 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде дәрігерлер 3,8 млн-нан астам қабылдау жүргізсе, жедел-жәрдем 27 мыңға жуық науқасқа алғашқы көмек көрсеткен. Сондай-ақ, мамандар тарапынан дәрі-дәрмек тарату үшін 215 мың қызмет көрсетілген. 

 

– Денсаулық сақтау жүйесіндегі мемлекеттік қызметтер тұрғындарға қажетті медициналық көмекті қолжетімді әрі ашық алуға бағытталған. Ашық есік күні барысында азаматтарға мемлекеттік қызмет түрлері, оларды алу тәртібі мен қажетті құжаттар түсіндірілді. Сондай-ақ тұрғындардың сұрақтарына жауап беріліп, қызмет алу кезінде туындайтын мәселелер бойынша кеңес берілді, – деді Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Құрбанов.

 

Кездесуге №7 қалалық емхананың дәрігерлері мен мамандары, сондай-ақ Атырау облысы бойынша филиалдың бас сарапшысы Сатыбек Аронов қатысты.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT