Биыл бірінші жартыжылдықта Атырау облысындағы 6 теміржол вокзалының құрылысы аяқталып, оның 5-еуі пайдалануға берілді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінде Аққыстау, Исатай, Мақат, Доссор және Ганюшкино стансалары жаңартылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға қажетті инфрақұрылыммен қалыптасты.
Жаңғырту жұмыстары аясында вокзалдарда пандустар, заманауи санитарлық тораптар, ана мен бала бөлмелері және мүгедектігі бар жолаушыларға арналған демалыс аймақтары қарастырылған. Алдағы уақытта қозғалысы шектеулі азаматтар үшін көтергіш платформалар мен қосымша инфрақұрылым орнату жоспарланып отыр.
Қазір Жылыой ауданындағы теміржол вокзалының құрылысы аяқталуға жақын. Нысанда соңғы әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен облыс әкімдігінің бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылып келеді.
Айта кетейік, өңірде жалпы 9 теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Олардың басым бөлігі бұған дейін 2004 жылы күрделі жөндеуден өткен.



