Жаңа оқу жылы қарсаңында әр балаға 50 851 теңгеден беріледі.
Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге қарастырылған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов мәлім етті.
– Бүгінде 5 342 бала қаржылай көмек алды. Биыл көмек тағайындау процесі автоматтандырылды. Атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ отбасының жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен балалардың мәліметтері тиісті мемлекеттік деректер базасы арқылы тексеріледі, – деді басқарма басшысы.
Осы өзгеріске байланысты 7 мыңға жуық балаға қаржылай көмек тағайындалмаған. Оларды қолдау мақсатында «Мектепке жол» акциясы аясында көмек көрсету жоспарланып отыр. Өткен жылы акция арқылы 5 мың балаға қолдау көрсетілген. Биыл бұл акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады.



