Атырау өндірісі қалай дамиды?

Атырауда отандық өндірісті дамыту, жергілікті бизнестің ірі жобаларға қатысуын кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.

Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Қанат Шарлапаевтың облысқа жұмыс сапары барысында айтылды.

 

Атырау облысының жалпы өңірлік өнімі 3,17 трлн. теңгені, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7,8 трлн. теңгені құрайды. Өңірде 57,4 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Инвестициялық қоржында жалпы құны 7,2 трлн. теңге болатын 60 жоба бар. Оларды іске асыру нәтижесінде 8,2 мың жұмыс орны ашылады. Биыл 511,6 млрд. теңгеге 14 жобаны жүзеге асырып, 1 941 жұмыс орнын құру жоспарланған.

 

Қанат Шарлапаев облыс әкімі Болат Ақшолақовпен кездесіп, кәсіпкерлікті дамыту, жергілікті қамтуды арттыру, отандық өндірушілердің ірі компаниялар сатып алуларына қатысуын кеңейту және өңдеу өндірісін дамыту мәселелерін талқылады.

 

– Бүгінгі стратегиялық міндет – Атыраудың экономикалық және инвестициялық әлеуетін жергілікті бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарына бағыттау, — деді Қанат Шарлапаев.

 

Оның айтуынша, қазақстандық кәсіпорындар жекелеген сатып алуларға қатысумен шектелмей, ірі компаниялардың тұрақты жеткізушілері мен мердігерлеріне айналуы қажет.

Сапар барысында кәсіпкерлердің өндірістік қуаттарды толық пайдалану, инфрақұрылым, салық жүктемесі және өнім өткізу нарығына шығу мәселелері де көтерілді. Бұған дейін Атырау бизнес өкілдерімен кездесуде айтылған 10 мәселенің алтауы шешіліп, төртеуі пысықталып жатқаны атап өтілді.

 

Сондай-ақ «Іскер аймақ» жобасы мен BusinessGO цифрлық экожүйесінің мүмкіндіктері таныстырылды. Соңғысына алғашқы бір жарым айда 800-ден астам кәсіпкер қосылған.

 

Жұмыс сапары аясында Қанат Шарлапаев «Жігермунайсервис», «Еділ-Орал.kz», «Borkit Safety», «Atyrau Oil Service», «WIKA Kazakhstan», «Studbolt Manufacturing» және «Builtex» кәсіпорындарының жұмысымен танысты.

 

Кәсіпорындар бұрғылау құралдары, мұнай-газ жабдықтары, жеке қорғаныс құралдары, өнеркәсіптік өлшеу техникасы, бекітпе бұйымдары және күрделі өндірістік жабдықтар шығарады.

 

Сапар барысында отандық кәсіпорындардың ірі инвестициялық жобаларға қатысуын кеңейту, өндірісті жергіліктендіру және жергілікті бизнестің тұрақты тапсырыстар алуына жағдай жасау негізгі міндеттердің бірі ретінде айқындалды.

 

Майра ЕРҒАЛИ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT