Атырау кәсіпкерлігі жаңа белеске бет алды

Өңір экономикасының орнықты дамуы кәсіпкерліктің белсенділігімен, жаңа өндірістердің ашылуымен және жұмыс орындарының құрылуымен тікелей байланысты.

Осы бағытта мемлекеттік қолдау тетіктері шағын және орта бизнестің жаңа жобаларды іске асырып, өндірістік қуатын арттыруына мүмкіндік беріп отыр. Атырау облысында жыл басынан бері «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдік қолдауы аясында 94 жобаға қолдау көрсетілді.

 

Жалпы құны 15,2 млрд теңгені құрайтын бұл жобаларға берілген кепілдіктердің көлемі 7,22 млрд теңгеге жетті. Қолдау алған жобалар өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік және қоймалау секілді экономиканың маңызды салаларын қамтиды.

 

Сонымен қатар жыл басынан бері өңірде 29 жоба субсидияланған. Олардың кредиттік портфелінің жалпы көлемі 1,5 млрд теңгені құрайды. Бұл жобалар шағын бизнесті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бірыңғай кешенді бағдарламасы және ішкі сауда субъектілерін қолдау тетіктері арқылы жүзеге асырылуда.

 

«Даму» қорының Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Берік Қадыровтың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың өңір экономикасына әсері жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен бюджетке түсетін салық көлемінен де көрінеді.

 

– 2015–2025 жылдары мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер өңірде 3 600 жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке 670,1 млрд теңге салық төледі, – деді Берік Қадыров.

 

Мемлекетті қолдаудың игілігін көріп отырған кәсіпорындардың бірі – APEC Training Center. Мұнда құрылыс, мұнай-газ және тау-кен салаларына қажетті техникалық мамандар даярланады. Орталықта 500 адам еңбек етеді. Бүгінде 5 500-ден астам маман аттестациядан өтіп, 10 мыңнан астам студент кәсіби даярлықтан өткен. Олардың мыңнан астамы Еуропа елдерінде жұмысқа орналасқан.

 

«Даму» қорының «Өрлеу» бағдарламасы аясында «Адванс» көпсалалы колледжінің оқу орталығын ашу жобасына қолдау көрсетілді. Жоба ForteBank арқылы жылдық 12,6 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландырылған.

 

Өңірде отандық өндірісті дамытуға бағытталған жобалар да бар. Соның бірі – «Талшыктекс» ЖШС. Кәсіпорын полипропиленнен геотекстиль өнімдерін шығарады. Былтыр көктемде жұмысын бастаған өндірістің қазіргі қуаты айына 700–800 шаршы метрді құрайды.

 

Кәсіпорын мемлекеттік қолдаудың арқасында көлік және қойма логистикасында қолданылатын вагон ішіне арналған төсемдер мен полипропиленнен жасалған биг-бэгтер өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр.

 

– Өндірістегі барлық желілер «Даму» қорының қолдауы арқылы сатып алынды. Бұл өндірістік қуатты кеңейтіп, экспорт көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Қазір кәсіпорында 40 адам жұмыс істейді. Жаңа өндіріс іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткішті 100–120 адамға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Өнім көлемін жылына 180–200 тоннаға дейін арттырмақпыз, – деді өндіріс директоры Амангелді Биманов.

 

Қазір кәсіпорын өнімінің 95 пайызы Ресейге экспортталады. Қалған бөлігі Қазақстанның өзге өңірлері мен көршілес мемлекеттерге жөнелтіледі.

 

Өндірісті жаңғыртуға бағытталған тағы бір жоба – «CENTECH» ЖШС. Кәсіпорын металл және электротехникалық бұйымдар шығарады. Жылына 1 мыңнан астам электр шкафы мен 100 шақырымнан астам кабельдік лоток өндіреді.

 

Компания өндірістік қуатын арттыру және заманауи лазерлік жабдықтар мен прокат станоктарын сатып алу үшін «Өрлеу» бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық Банкі» арқылы жылдық 12,6 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландырылған.

 

Аталған жобалар өңірде кәсіпкерлікті қолдаудың нақты нәтижелерін көрсетеді. Өндірістің кеңеюі жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық өнім көлемін ұлғайтуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді.

 

Майра ЕРҒАЛИ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT