«Атырау қала жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау аяқталды.
Құжаттар 7–27 шілде аралығында қабылданып, барлығы 948 өтініш түскен. Қатысушыларды іріктеу нәтижесі 17 қыркүйекте жарияланады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бағдарлама жастарға тұрғын үй кезегіне тұрмай-ақ, төмен пайыздық мөлшерлемемен баспана алуға мүмкіндік береді.
– Сонымен қатар қатысушылар бөлінген несие көлеміне қарай өздеріне қажетті тұрғын үйді таңдай алады. Биыл бағдарламаға 948 өтінімнің түсуі жастар тарапынан сұраныстың жоғары екенін көрсетеді, – деді «Отбасы банк» Атырау филиалы директорының орынбасары Шыңғыс Құттықов.
«Атырау қала жастары» бағдарламасы 2023 жылы іске қосылған. 2024 жылы бағдарлама арқылы 100-ге жуық жас отбасы баспаналы болса, былтыр 150-ге жуық отбасы үйлі болған. Биыл 50 отбасын баспанамен қамту жоспарланып отыр.



