Atyrau Creative Days жәрмеңкесінде сатылым жүруде

Атыраулық суретші-дизайнер Маржан Маршалл жәрмеңке аясында этно стильдегі авторлық киімдерін таныстырды.

Оның топтамаларында ұлттық нақыш пен заманауи сән үйлесім тапқан. Дизайнер әр бұйымды өзіндік идеямен әзірлеп, қазақы болмысты заманауи үлгіде жеткізуге мән беретінін айтты.

Дизайнердің этно киімдері келушілердің қызығушылығын тудырып, сатылым да жасалды. Сатып алушылардың бірі өзіне бірден екі киім таңдаған.

«Мен этно киімдерді жақсы көремін. Маржан Маршаллдың киімдерімен осы жерден таныстым. Бірден ұнап, өзіме екі киім алдым», – дейді сатып алушы.

Сондай-ақ жәрмеңке аясында этно киімдермен қатар, Атырау облысынан келген түрлі шеберлер мен дизайнерлердің авторлық өнімдері де ұсынылуда. Келушілер ұлттық нақыштағы бұйымдар, сәндік заттар мен шығармашылық туындыларды тамашалап, өздеріне ұнаған өнімдерді сатып ала алады.

 

Atyrau Creative Days жәрмеңкесі ертең де жалғасады. Елорда тұрғындары мен қонақтары атыраулық креативті индустрия өкілдерінің еңбектерімен танысып, жергілікті шеберлердің өнімдерін тамашалай алады.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT