Маңғыстау облысында жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келетін Shubat fest фестивалі биыл да қарқынын жоғалтпай, еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын шаруалар мен шұбат өнімін өндірушілердің басын қосты. Ұлттық сусынымызды ұлықтаған ауқымы үлкен байқауда аудан намысын қорғаған Төлеген Әділғазиев «Ең үздік шұбат» номинациясы бойынша ІІ орын иеленіп, атакәсіпті тағы бір мәрте алға шығарды.
Республика деңгейінде ұйымдастырылған байқауға қатысушылар өз шаруашылықтарында өндірілетін шұбат өнімдерін ұсынып, ұлттық сусынның сапасы мен ерекшелігін сарапшылар назарына ұсынды. Биыл бұл байқауға 83 өтінім түсіп, соның ішінен 41 қатысушы іріктелген. Нәтижесінде үздік 20 финалист анықталып, олардың қатарынан Атырау облысының атынан қатысқан жылыойлық «Орынбасар» шаруа қожалығының иесі Төлеген Әділғазиев те төбе көрсеткен еді. Қосшағыл ауылдық округінде тұратын ол бүгінде түйе шаруашылығын дамытып, табиғи шұбат өндірумен айналысады. «Қазіргі таңда түйелер саны 160-қа жуықтайды» дейді өзі. Қожалық тәулігіне 70-80 литрге дейін түйе сүтін өндіреді. Ал өнімнің сапасына ерекше мән беретін шаруа иесі үшін бұл байқау көп жылғы еңбекті республика көлемінде таныстыруға берілген үлкен мүмкіндік болғаны айқын.
Shubat fest-2026 фестивалі ұлттық сусынның мәртебесін көтеріп қана қоймай, мал шаруашылығын дамытып, шұбат өндірумен айналысып жүрген шаруалардың еңбегін дәріптеуді мақсат етеді. Байқау барысында қатысушылар ұсынған шұбат өнімдері арнайы талаптарға сәйкес бағаланды. Атап айтсақ, өнімнің дәмі мен хош иісіне, құрамына, микробиологиялық көрсеткіштеріне назар аударылды. Шұбат арнайы зертханалық тексеруден өткізіліп, өнімнің сапасы тәуелсіз сараптама арқылы анықталды. Бір қызығы, байқау барысында ұсынылған шұбаттардың қай шаруашылыққа тиесілі екені қазылар алқасына белгісіз болған.
Яғни ұлттық сусын анонимді түрде ұсынылып, сарапшылар оның атауына немесе өндірушісіне емес, нақты сапасына, дәмі мен ерекшелігіне қарай баға берген. Мұндай талап байқаудың әділ өтуіне мүмкіндік беріп, барлық қатысушыға бірдей жағдай жасады. Сонымен қатар жеңімпаздарды анықтау кезінде халықтың дауыс беру нәтижесі де ескерілді. Төлеген Әділғазиевтің сөзінше, байқауға қатысуға әлеуметтік желідегі ақпарат себеп болған. Фестиваль туралы естігеннен кейін ол қатысуға дереу шешім қабылдап, дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Бұл туралы өзі:
- Байқауға қатысуға қызым себеп болды десем де болады. Әлеуметтік желіден көріп, маған айтып, қатысып көруге ұсыныс білдірдім. Содан кейін дайындықты бастап кеттік. Негізгі мақсатымыз – ауданымыздағы мал шаруашылығын, өзімізде өндірілетін шұбатты кеңінен таныту ғой. Ауданымыздың ұлттық өнімін республика көлемінде көрсету – біз үшін үлкен мәртебе. Фестивальде түйе өнімінен тәуелсіз зертхананың қорытындысы алынып, тексеруден сәтті өттік. Шұбаттың дәмі, иісі, майлылығы жоғары бағаланды. Финалға өткен қатысушылардың басым бөлігі Маңғыстау өңірінен. Сондықтан біз үшін үздіктер арасынан көріну үлкен қуаныш болды,-дейді сезімімен бөлісіп. Байқау қорытындысы бойынша жылыойлық шаруаға 700 мың теңгелік сертификат пен арнайы диплом табысталды.
Әрине жылыойлықтар үшін түйе шаруашылығы – ежелден келе жатқан дәстүрлі кәсіптің бірі. Кең далада түйе өсіріп, одан табиғи шұбат өндіру – атадан балаға жалғасып келе жатқан еңбектің бүгінгі күнгі жалғасы. Қазіргі таңда мұндай кәсіпті заманауи талаптармен ұштастырып, өнім сапасына басымдық беру шаруалар үшін маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Бүгінде ұлттық өнімге деген қызығушылық та қатар артып келеді. Табиғи жолмен өндірілетін, дәстүрлі технологияға негізделген тағамдарды насихаттау ұлттық құндылықтарды сақтаудың бір жолы. Ал шұбат секілді халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан өнімдерді заманауи талаптарға сай өндіріп, кең көлемде таныту - ауыл шаруашылығын дамытумен қатар, ұлттық мұраны дәріптеуге де мүмкіндік береді. Бұл ретте айта кеткен жөн, ауданымызда 459 шаруа қожалығы және 12 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Олар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, жергілікті өнімнің дамуына өз үлестерін қосып келеді.
А.Ерденқызы



