Кең даланың төсін еркін жайлаған Жылыой бүгінде тек мұнаймен емес, маңдай термен көгерген ауыл шаруашылығымен де айшықталып келеді. Қуаң далаға жан бітіріп, қара жердің қадірін ұққан еңбек адамдарының табандылығы бұл өлкені жаңа белеске бастап отыр. Оған дәлел соңғы жылдары ауданда ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып, экономиканың маңызды тірегіне айналды. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуы, шаруалардың еңбекқорлығы мен жаңа технологияларды енгізу нәтижесінде ауданның аграрлық әлеуеті жыл сайын артып келеді.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауданымызда мал шаруашылығы серпінді дамып, өткен жылмен салыстырғанда тұрақты өсім көрсетіп келеді. Төрт түліктің әрқайсысы бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген. Кеңінен тоқталсақ мүйізді ірі қара саны 21 581 басқа жетіп, жылмен салыстырғанда 108,9%-ға артқан. Ал қой мен ешкі 100 403 басқа көбейіп, 107,6%-ды құраған. Жылқы түлігі 23 236 басқа жетіп, 110,7%-ға өсім көрсетсе, түйе малының саны 12 796-ға жетіп, 111,5%-ға артқан. Бұл оң өзгерістер тек мал басының өсуімен ғана емес, өнім көлемінің артуымен де айқындалып отыр.
Атап айтқанда, ет өндірісі 5 437 тоннаға жетіп, 101,3%-ды құраса, сүт өндірісі 2 436,1 тоннаға жетіп, 103,1%-ға ұлғайған. Бұл көрсеткіштер ауданымыздағы мал шаруашылығының жүйелі дамып, еңбек өнімділігінің жылдан жылға артып келе жатқанын дәлелдейді. Мамандардың айтуынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемінің басым бөлігі 2 172 414 гектар жайылымдық алқапты құрайды. Бұл төрт түлікті еркін өрістетіп, табиғи ортада өсіруге жеткілікті.
Сонымен қатар 2025–2026 жылдардың қыс маусымына қажетті 59 200 тонна жем-шөп қоры толықтай дайындалып, мал қыстату науқаны жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Нәтижесінде аудан бойынша 19 934 бас мүйізді ірі қара, 93 285 бас қой-ешкі, 20 998 бас жылқы және 11 478 бас түйе малы қыс мезгілінен аман-есен шығарылған. Бұл – шаруалардың қажырлы еңбегі мен жауапты ұйымдастыруының жемісі. Бүгінде ауданымызда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау мен өтемақы тетіктері жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл – аграрлық саланың тынысын кеңейтіп, шаруалардың еңсесін тіктеуге бағытталған нақты қолдау. Қазіргі таңда мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялардың негізгі бағыттары айқындалған.
Атап айтқанда, асыл тұқымды мал басын сатып алу, малды асылдандыру жұмыстарын жүргізу және сүт өнімдерінің өзіндік құнын төмендету – басты басымдықтардың қатарында. Бұл бағыттар шаруашылықтардың сапалы өсімге қол жеткізуіне және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. 2025 жылы осы мақсатта ауданда бірқатар нақты қолдау шаралары жүзеге асырылған. Асыл тұқымды аталық мал сатып алған шаруаларға 9,0 млн теңге көлемінде субсидия бөлінсе, асылдандыру жұмыстарын жүргізгені үшін 26,8 млн теңге қарастырылған. Жалпы алғанда, бұл бағыттарға 35,8 млн теңге көлемінде қаржы бағытталып, сала дамуына серпін берген. Одан бөлек, жем-шөпке берілетін субсидиялар бюджеттік мүмкіндіктерге байланысты айқындалатындықтан оның нақты көлемі мен мерзімі әзірге нақтылану үстінде дейді жауаптылар. Дегенмен, шаруаларды қолдау мұнымен шектелмейді.
2025 жылы өңірдегі бір шаруашылыққа 40 тонна минералды тыңайтқыш беріліп, егіншілік пен мал азығы қорын нығайтуға жағдай жасалған. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу мақсатында тамшылатып суару жүйесіне қажетті құрал-жабдықтардың сатып алу құнының 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып, шаруалардың шығыны едәуір жеңілдетілген. Бұл бастамалардың барлығы ел Президентінің ауыл шаруашылығын экономиканың тірегі ретінде дамыту жөніндегі стратегиялық тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Мемлекеттік қолдау – тек қаржылай көмек емес, ол – ауыл еңбеккерлеріне деген сенім мен болашаққа бағытталған нақты мүмкіндік.
Нәтижесінде, аудан шаруалары мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана отырып, өз кәсібін кеңейтіп, өнім сапасын арттыруда. Әсіресе, асыл тұқымды мал сатып алу мен мал басын асылдандыру бағытындағы жұмыстардың қарқын алуы – көрсетіліп отырған қолдаудың нақты нәтижесі. Бұл – ауылдың өркендеуі мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадамдардың бірі. Ауыл шаруашылығы – әрбір қожалық үшін даланың жүрегі, тірліктің алтын дәні. Биыл ауданымыздың шаруа қожалықтары өз даласын малмен көркейтіп, еңбек пен табандылықтың үлгісін көрсетуде. Әсіресе асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтарда өнімділік жоғары деңгейде қалыптасқан. Солардың бірі – «Жаңа Таң» серіктестігі. Бүгінде бұл мекеме 2 814 бас қаракөл қойы мен 433 бас түйені бағып, ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтып отыр. Ал, «Достан-Ата» шаруа қожалығы 4 546 бас еділбай қойы мен 1 007 бас мүйізді ірі қараны күтіп-баптап, өнімі халық игілігіне айналуда.
Одан бөлек «Талап» шаруа қожалығы асыл тұқымды малға ерекше көңіл бөліп, 1 304 бас еділбай қойды өсірсе, «Қуанышбек» шаруа қожалығы қазақтың ақ бас сиырларын сақтап, 98 бас малмен ұлттық дәстүрдің тірегін ұстап тұр. Олардың барлығы асыл тұқымды мал басын көбейту және сапасын арттыру бағытында тиімді жұмыстарды жүргізуде. Аудан шаруашылықтары мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп келеді. Дегенмен салада шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану және игерілмей жатқан алқаптарды мемлекет меншігіне қайтару. Бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынған. Аудандық ауыл шаруашылығы жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Раушанұлы бұған дейін атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
- Мал шаруашылығын дамыту мақсатында жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету үшін 2025 жылғы 30 сәуірдегі №134 «Жылыой ауданы аумағында шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша жер пайдалану құқығын беру туралы» қаулысына сәйкес бірқатар конкурстар өткізілді. Ал, 2025 жылдың маусым айында 27 жер учаскесі, жалпы 18 565 гектар, 10 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен табысталды. Ал 30 қыркүйекте 18 жер учаскесі, 12 620 гектар жер тағы да 10 жыл мерзімге пайдалануға берілді. Алдағы жылы да бұл бағытта жұмыстар жалғасады. 2026 жылы конкурс арқылы 11 000 гектар жайылымдық жерді айналымға енгізу жоспарланып отыр,-дейді ол.
Ауыл шаруашылығындағы тағы бір маңызды сала – ветеринария. Аудандық ветеринариялық станция жануарлар саулығын сақтауда жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында «Эпизоотияға қарсы іс-шаралар» бағдарламасы аясында алты түрлі ауруға қарсы екпе салынып, екі бағыт бойынша диагностикалық тексерулер жүргізілген. Бүгінде мал дерекқорында 23 551 бас ірі қара, 95 038 бас уақ мал, 24 897 бас жылқы және 13 040 бас түйе тіркелген. Қажетті вакциналар жеткізіліп, жоспарлы жұмыстар үздіксіз жалғасуда. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, оның тұрақты дамуына да негіз болып отыр.
Сонымен қатар саладағы өзекті мәселелердің бірі – маман тапшылығы. Әсіресе, егін және мал шаруашылығы бағытында білікті кадрлар жетіспейді. Күнделікті қажырлы еңбекті талап ететін жұмыстарға жұмыс күшінің аздығы сезілуде. Мамандардың айтуынша, жастардың бұл салаға қызығушылығы төмен, ауыр еңбекке байланысты ауыл шаруашылығына бет бұратындар сирек. Соның салдарынан шаруашылықтарда маусымдық әрі тұрақты жұмыс күшінің тапшылығы байқалады.
Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарды ауылға тарту, әлеуметтік қолдау көрсету және аграрлық саланың тартымдылығын арттыру бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Дегенмен кадр тапшылығы – ауыл шаруашылығының толыққанды дамуына кедергі келтіретін маңызды мәселе ретінде әлі де өз шешімін күтуде.
А.Мейрамбайқызы



