Астанада LRT жақын күндері іске қосылуы мүмкін

Астана қаласында көптен күткен жеңіл рельсті көлік – LRT жобасы жақын апталарда іске қосылуы ықтимал. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Ақорда кулуарында мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, жоба барлық техникалық сынақтардан сәтті өткен. Қазіргі уақытта желіде 18 пойыз қатынап, олардың аралығы шамамен 3,5 минутты құрайды. Бұл жолаушылар үшін күту уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.

LRT-ның бірқатар ерекшелігі бар. Ең бастысы жоғары жылдамдық: бір нүктеден екіншісіне жету уақыты басқа көлік түрлеріне қарағанда екі есеге дейін жылдам. Бұл заманауи технология болғандықтан пойыздар жүргізушісіз басқарылады. Қауіпсіздік пен жайлылық басты орында болғандықтан жолаушыларға барлық қажетті жағдай қарастырылған.

Қазір негізгі жұмыстар станциялар маңын абаттандыруға бағытталған. Барлық 15 станцияға жаяу қатынау мүмкіндігі қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, жаңа салынып жатқан тұрғын аудандар да көлік инфрақұрылымымен толық қамтылады. Жаз мезгілінің соңына дейін жолдарды асфальттау жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр.

Жоба аясында толық дайын тұрған негізгі станциялар қатарында Abu Dhabi Plaza, Астана Арена, MEGA Silk Way, Астана халықаралық әуежайы және Астана Нұрлы жол теміржол вокзалы бар.

Мамандардың пікірінше, LRT жобасы қаладағы көлік қозғалысын жеңілдетіп, тұрғындардың уақытын үнемдеуге айтарлықтай үлес қосады. Сонымен қатар, бұл жоба елордадағы қоғамдық көлік жүйесін жаңа деңгейге көтеретін маңызды инфрақұрылымдық қадам ретінде бағаланып отыр.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT