Шақыруға зар болатын жасқа келе жатырмыз. Сондықтан музей қызметкерлерінің «Ұшқан атаға экскурсиялық сапармен бірге барайық» деген ұсынысын қабыл алдым. Сапар мұсылмандар үшін қасиетті жұма күніне белгіленіпті. Құрамында екі суретші – Қосқұлақ Қыдыров, Бауыржан Қожамсейітов, музей қызметкерлері Алтынгүл Тұрсынова, Жазира Нұрмашова, Гүлназ Сабирова, Дәметкен Сүйегенова, Гүлбану Өткелбаева, кітапхана басшысы Сандуғаш Төлеуішқызы, Жанат Алашбайқызы, Т.Байсырымов атындағы колледж студенттері мен екі жетекшісі бар. Топ сәскеде діттеген жеріне құлады. Майкөмген елді мекенінен жол көрсетуге Мүтәйір Әкенов ақсақал, Ақметжан Төлегенов қосылды.
Бұл көне қауымды аспан астындағы мұражай, аталарымыздың бізге қалдырған аманат хаты деп қабылдауға әбден болады. Көкке шаншылған саусақпен санарлықтай биік құлпытастар батысқа қарай көз сүзген самсаған саржа жебеден аман қалған саптан шықпаған сарбаздарды еске түсіреді. Мүтәйір ақсақал рухтарға дұға бағыштаған соң қорымның орта жеріндегі молаға қыздар орамалдарын байлады. Айналасындағы бейіттер түгелге жуық уақыт желімен жермен-жексен болыпты. Сандық тастар мен жезбіл сынына шыдамаған сағана тамдар, жылқының қылын қосып, қымызға иеленген қабырғасының қалыңдығы құлаш жарым саман бейіттер белуардан жерге шөгіп, мертіккен қара жарлар секілді. Әлгі бейіттің үстіңгі жағына қаңылтырға кириллица әрпімен «ХІ ғасыр, Ұшқан ата, қожа» деп жазылыпты. Бұл өңірде зерделі зерттеу жүргізілмеген сияқты. Ең бастысы егер әулиеміз Қожа болса, оның есімі «Ұшқан» деп аталуы күмән туғызады. Маған жеткен аңыздар да көкейіме қонбады. Осы өңірде өркениеттің өзгеше үздік үлгісі болғанын айғақтайтын жәдігерліктер молынан ұшырасады. Жаралы жауынгерлердей жантайып жатқан, қисайып қалған, қасқайып тұрған құлпытастар бәдізделуі мен мәтінді тәпсірлеуіндегі айырмашылықтар да бұл арада бірнеше ұлт өкілдері жатқанын айғақтайды. Сондықтан араб, парсы, түрік пен қалмақ қазаққа ортақ тарихи құндылықтар терең зерделеуді қажет етеді. Әрине бұл мемлекеттік деңгейде қолға алынса ғана бір нәтижеге қол жеткізуге болады.
Менің досым, мүсінші Серік Мәтениязов бір сөзінде «Ең сапалы цементтен соққан ескерткіштің ғұмыры ары кеткенде жүз жылға шыдайды» деген еді. Ал, Ұшқан қауымындағы бес-алты ғасырдан бері міні құрымаған сандық тастарды көрдім. Ұлы Мұхтар Мағауин халқына қайтарған жорық жыраулары Доспамбет, қарға бойлы Қазтуған мүмкін осы өңірде ат ойнатқан шығар, бабаларымыз мына жусанды далада Қызылбастармен қидаласқан шығар. Осында:
Менің бабам қақтаған қыр аптабы,
Көшіп, қонып ұрпағы тұрақтады.
Біздің тарих бұл да бір қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы,-деген өлең еске түсті.
Сапардан ерекше әсер алдым. Әрине, дала құлазыңқырап қалыпты. Былтыр да ылғал аз түскен, биыл да жаңбыр жауа алмай тұр. Әйтпесе жұпар аңқып жатар еді.
Осы орайда Құлсары қаласына қарай термиттердің қаптай өріп келе жатқанын көрдік. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Халық арасында оны «Алатөмпек» деп атайды. Ақ тасты, ағашты жалмап жеп қояды екен. Дабыл қағатын жағдайға жетіпті.
Музей қызметкерлерінің жас ұрпақ жүрегіне отансүйгіштік сезімді тарихи орындар арқылы сіңіруге ұмтылысы құптарлық құбылыс. Жақсы істердің жалғасын табарына сенім мол. Енді аспан астындағы атамұраның жұмбағын шешу – соларға аманат.
Бүркіт Базарбаев,
ҚР Жазушылар одағы мүшесі



