Аудан мерейін асқақтатқан тағы бір қуанышты жаңалық! Қасиетті мекен – Кең Жылыойдың, қала берді Атырау облысының намысын қорғаған Индира Мұқтарқызы Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында өткен Ақмарал Әлтаева атындағы І Республикалық «Арқа аруы» сұлулық байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, үздік үштіктің қатарына еніп, жүлделі қайтты.
Республикалық байқауда бақ сынаған Индира тек сұлулығымен ғана емес, жан-жақты қабілетімен, сөз саптауымен, ұшқыр ойымен ерекшеленді. Ол өзінің терең білімімен, сахна мәдениетімен, ұлттық өнерге деген құрметімен және қазақтың салт-дәстүрін дәріптеудегі ерекше көзқарасымен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Қай кезең болмасын өзінің сенімділігін көрсете білген ол батыстың қыздарының қайтпас өжет, қайсар мінезді болатынын тағы бір дәлелдеді десек артық айтқандық болмас. Бұған дейін ауданның қаракөз сұлуларын жинаған «Жылыой аруы-2026» байқауында бас жүлде иеленген ол өз өңірінің үкілеген үмітін арқалап, үлкен сахнаға жолдама алған еді. Артылған сенім текке кетпеді. Тақымын қысқан жылыойлықтарды Индира бұл жолы тағы бір қуантты.
Қазылар қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, қазақ кино өнерінің аңызы, «Қыз Жібек» фильміндегі басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешова, белгілі ақын Қалқаман Сарин, журналист әрі қоғам қайраткері Динара Сәтжан, сондай-ақ мәдениет қайраткерлері Қанат және Света Айтбаевалар болды. Осындай тәжірибелі әрі өнер мен мәдениет майталмандары қатысушылардың өнерін әділ таразылап, байқаудың жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті.
Айта кетейік, жоба республикалық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін облыс шеңберінде ғана өткізіліп келген «Арқа аруы» байқауы алдағы жылдары ауқымын кеңейтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен талантты аруларды жинайтын ірі мәдени-рухани жобаға айналмақ. Мұндай бастама ұлттық өнерді насихаттап қана қоймай, жас буынның мәдени танымын кеңейтуге де зор үлес қосатыны сөзсіз.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ


