Ардагерлерге құрмет

Жылыой аудандық орталық ауруханасында медицина саласының ардагерлеріне арналған ауқымды «Ашық есік» күні өтті. Адам жанының арашасы болып, денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен аға буын өкілдеріне құрмет көрсету және олардың денсаулығына қамқорлық жасау мақсатында ұйымдастырылған бұл шара жоғары деңгейде өтті.

Игі істің жоспарлы әрі сапалы өтуіне аурухана басшысы Асұлан Нұрбұланұлы тікелей қолдау көрсетті. Ал шараның басы-қасында жүріп, оны ұйымшылдықпен үйлестірген – 2015 жылдан бері аурухананың Ардагерлер ұйымын абыроймен басқарып келе жатқан төрайым Мария Хажитқызы болды.

Медициналық қамқорлық акциясына аудан орталығының ғана емес, барлық ауылдық округтердің де ардагерлері өте белсенді әрі ұйымшылдықпен қатысты. «Ашық есік» күні аясында қариялардың толыққанды тексерілуі үшін аурухананың барлық мүмкіндіктері жұмылдырылды. Атап айтқанда, ардагерлер дәрігерге дейінгі қабылдаудан өтіп, әйелдерді қарау бөлмесіне жүгінді. Сонымен қатар, окулист, ЛОР, кардиолог, невропатолог, эндокринолог секілді тар бейінді білікті мамандар қарияларды жеке-жеке қабылдап, кеңес берді. Ең бастысы, заманауи УДЗ (УЗИ) және рентген аппараттары да үзіліссіз жұмыс жасап, ардагерлерге сапалы әрі тегін медициналық көмек көрсетілді. Тексеру қорытындысы бойынша қарттарға қажетті ем-дом шаралары тағайындалды.

Осы маңызды шараға аудандық Ардагерлер қоғамының төрағасы Ермек Зағыпаров арнайы қатысты. Ол ақ халатты абзал жандардың басын қосқан жиында ардагерлермен емен-жарқын пікір алысып, олардың хал-жағдайымен танысты. Ермек Зағыпаров аға буынға көрсетілген бұл қамқорлықтың мәні зор екенін атап өтті. Денсаулық сақтау саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, халық саулығы жолында аянбай еңбек еткен қарияларымыз көрсетілген ілтипат пен сапалы медициналық қызметке дән риза болып, аурухана ұжымына ақ баталарын берді. Ғұмырын адам өмірін сақтауға арнаған ардагерлеріміздің еңбек жолы – өскелең ұрпаққа әрқашан үлкен үлгі-өнеге болып қала береді.

 Ж.Әбдікәрімова

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT