Жуырда аудандық ардагерлер кеңесінің 2021–2026 жылдар аралығында атқарған жұмыстарының қорытындысына арналған VIII есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, маңызды жиынға жергілікті бөлім басшылары, депутаттар, қоғамдық ұйым өкілдері мен ардагерлер, сондай-ақ әжелер алқасының мүшелері мен оқушылар қатысты. Конференция жұмысына облыстық ардагерлер кеңесінің бас хатшысы Мәлік Мақсотұлы арнайы келіп, ардагерлер тобының кейінгі жылдардағы жұмысымен танысты.
Конференция аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланұлының алғы сөзімен басталып, ол өз құттықтауында ардагерлердің қоғамдағы орнына тоқталды. Жиында конференцияның күн тәртібі бекітіліп, бес мәселе қаралды. Негізгі баяндамада аудандық Кеңес төрағасы Гайдар Арыстанов 2021–2025 жылдар аралығында атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Ол 5 жылда ардагерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғау, жастар тәрбиесіне үлес қосу, қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында жүйелі іс-шаралар жүзеге асырылғанын атап өтіп, сонымен қатар бастауыш ұйымдардың белсенділігінің артып, ауылдық округтер мен кенттерде ардагерлер кеңесінің беделі күшейгенін тілге тиек етті. Жарыссөз барысында Жем округі мен Жаңа Қаратон кенті ардагерлерінің төрағасы, кеңес мүшелері мен әжелер алқасының төрайымы пікір білдіріп, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Олар ардагерлер ұйымының қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтаудағы, жас ұрпаққа өнеге көрсетудегі рөліне ерекше тоқталды. Конференция барысында аудандық ардагерлер кеңесі пленумы мен алқасының жаңа құрамы сайланды. Бұған дейін 21 мүшеден тұрған пленум құрамы 23 мүшеге дейін ұлғайтылып, ұйым жұмысының ауқымын кеңейтуге мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайланып, мандат комиссиясының хабарламасы тыңдалды. Бұл туралы Атырау облысы Ардагерлер кеңесінің бас хатшысы Мәлік Мақсотұлы:
- Бұл өзі 5 жылда бір өтетін конференция ғой. Оның үстіне қазір республика көлемінде барлық облыстардың есеп беру жиыны өтуде. Яғни 2021 жылдан бастан 2025 жылға дейінгі атқарылған жұмыстарды саралау мақсатында өткізіледі. Қазіргі таңда біз мұндай конференцияға жастарды да шақырып жатырмыз. Өйткені «ұрпақ сабақтастығы» деген бар, жастар аға буынның ісінен хабардар болуы қажет. Бүгінде Ардагерлер кеңесі мүшесінде Атырау облысы бойынша 69 000-ға жуық азамат бар. Ал Жылыой жерінде 4000-ға жуық. Биылдан бастап ардагерлерден құралған ұйымға ауқымды өзгерістер енгізіліп жатыр. Атап айтсақ, бұған дейін аудандарда жауапты хатшы лауазымы болмады. Міне, осыған арнайы бір адамды белгілеп, осы қызмет түрін енгізіп жатырмыз. Өйткені кеңес мүшелерінің жұмысы көбейіп, ұйымның арқалайтын жауапкершілігі артып жатыр. Одан бөлек жаңа Конституция қабылданып, үлкен міндеттер қойылуда. Соған сәйкес біздің де атқаратын жұмыстар тізімі өсуде,-дейді алдағы жоспарымен бөлісіп.
Ардагерлер кеңесі – қоғамның алдыңғы буын азаматтарынан құралған ақыл мектебі. Олар – елдің өткені мен бүгіні арасындағы алтын көпір. Ел ағаларының өмірлік тәжірибесі, парасат-пайымы мен азаматтық ұстанымы өскелең ұрпақ тәрбиесінде, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауда аса маңызды. Сондықтан аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті конференциясы тек есеп беру жиыны ғана емес, алдағы кезеңге жаңа міндеттер айқындаған маңызды қоғамдық-саяси басқосу болды. Бұл жөнінде аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Гайдар Арыстанов:
- Баяндамамда айтып өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарттарды сыйлауды, құрметтеуді алдыңғы орынға қойып отыр. Өйткені біз зейнет жасындағы азамат болғанымызбен, қоғамға тигізер пайдамыз көп. Атап айтсақ, ақсақалдардың ел мәселесіндегі танымдық, саяси, тәртіп, ынтымақ, бірлік тақырыптарында қозғайтын ой-пікірі, ұсыныстары жетіп артылады. Міне, осы жайттарға өз ақыл-кеңесімізді беріп, кейінгі жастарға бағыт-бағдар көрсеткіміз келеді. Соған сәйкес мектеп оқушылары мен студенттермен тағылымды кездесулер өткізіп, ел болашағына шынайы жанашыр болуды көздеп келеміз. Бүгінгі конференция осындай істердің қорытындысы десек артық айтқандық емес. Өйткені біз тек өткенді еске алып отыратын ұйым емеспіз. Керісінше, қоғамның бел ортасында жүріп, елдің өзекті мәселелеріне араласа аламыз. Әсіресе ауыл-аймақтағы ағайынның мұң-мұқтажын тыңдап, тиісті орындарға жеткізу – біздің азаматтық парызымыз. Алдағы уақытта жастар тәрбиесі, құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды нығайту бағытында да жұмыстар жүргізуге ниеттіміз,-дейді өз сөзінде.
Жиын барысында баяндамашылар тарапынан ұсыныстар айтылып, ардагерлердің денсаулығын нығайту, шипажайлық ем-домға қолжетімділікті арттыру, қарттарға қолдау көрсету мәселелері көтерілді. Сондай-ақ мектептер мен колледждерде тұрақты кездесулер ұйымдастыру, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін бірлескен жобаларды көбейту қажеттігі сөз болды.
Конференция соңында бірқатар белсенді ардагерлерге алғыс хаттар мен марапаттар табысталып, олардың көпжылдық еңбегі көпшілік алдында жоғары бағаланды. Бұл аға буынға көрсетілген құрмет қана емес, кейінгі толқынға үлгі болатын тағылымды іс екені даусыз еді.
Аудандық ардагерлер кеңесі соңғы бес жылда қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарды. VIII есеп беру-сайлау конференциясы сол еңбектің қорытындысын саралап қана қоймай, жаңа кезеңге тың серпін берген маңызды басқосу болды. Иә, ардагерлер – елдің шежіресі, қоғамның ақылшысы. Олардың өмірлік тәжірибесі мен азаматтық белсенділігі барда ел бірлігі бекем, ұрпақ тәрбиесі кемел болмақ.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ



