Киелі кең Жылыой даласы – талай дәуірдің үнін сақтап жатқан, қойнауы қара алтынға толып, қаншама тау тұлғаның табаны тиген қасиетті мекен. Бір ғасырлық дастаны бар дарһан даланың әр тасы жылыойлықтар үшін алтын қазынадай. Ал мұндағы әр төбе мен әрбір қазба орындары қашан да ел тарихының қатпарлы кезеңдерінен сыр шертеді. Соның бірі – Ақкиізтоғай ауылдық округінен 30 шақырым жердегі Ақмешіт аймағында орналасқан, Қазақстанның «ІІ Алтын адамы» табылған Аралтөбе қорғаны. Жуырда бұл жер қайта жаңғыртылып, ашық аспан астындағы музей экспозициясы ретінде ел игілігіне берілді. Тарихы терең нысан енді ауданның мәдени-танымдық және туристік бағыттарының біріне айналмақ.
Ел тарихына «ІІ Алтын адам» деген атпен енген сармат көсемінің жерленген орны осыдан 27 жыл бұрын археологиялық экспедиция барысында анықталған еді. Қазба жұмыстарын археолог-ғалым Зейнолла Самашев бастаған мамандар жүргізді. Зерттеу нәтижесінде көсемнің киімі мен қару-жарағына қатысты 300-ге жуық алтын элемент табылған. Сол кезеңнен бастап бұл жаңалық Қазақстан археологиясы үшін ғана емес, ұлттық тарихымызды жаңа қырынан танып-білу тұрғысынан да айрықша маңызға ие болды. Өйткені алтынмен әшекейленген жауынгер бейнесі ежелгі дала өркениетінің жоғары мәдениеті мен қолөнерінің, сол кезеңдегі әлеуметтік құрылымның деңгейін аңғартып, ел тарихында ерекше орын алды.
Алайда тарихи маңызы зор қорғанның бұған дейін зерттелмей, қараусыз қалғанын жасыра алмаймыз. Бұл бағыттағы жұмыстар 2023 жылы ғана қолға алынды. Оған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров себеп еді. Аралтөбе қорғанын қайта жаңғырту мәселесін талай жылдан бері жоспарлаған ол бұл нәтижеге жету жолын баяндап берді.
- Аралтөбе қорғанын қайта жаңғырту жобасының құжаттамалық кезеңі осыдан 3 жыл бұрын басталып, кейін іс облыстық мәдениет саласының қолдауымен жүзеге асты. Бұл ретте қаржыландыру мәселесі де шешіліп, 2025 жылы қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Жобаның басты мақсаты – тарихи нысанды сақтап қана қоймай, оны халыққа танытып, келер ұрпаққа жеткізу. Сондықтан келушілер үшін бұл жер жай ғана тарих емес, Сармат дәуірінің тынысын сезінуге мүмкіндік беретін тарихи кеңістікке айналса екен,-дейді өз сөзінде.
Жаңа экспозицияның көркемдік безендіру жұмыстарына еліміздегі алғашқы гиперреалист мүсінші Айдос Әкімғалиұлы жетекшілік етті. Ал Алтын адамның тақта отырған мүсінінің алғашқы нұсқасы бұған дейін аудандық «Атамұра» музейінде көпшілік назарына ұсынылған еді. Ардагер ұстаз Наурызбай Төлеуовтің айтуынша, Ақкиізтоғайдың тумалары үшін Аралтөбеден Алтын адамның табылуы – мақтануға тұрарлық тарихи оқиға. Бұл туралы ол:
-Шындығында, тарихи орынның халыққа қайта оралуы – өткенге жасалған тағзым ғана емес. Бұл туған жердің тарихын тануға, ұлттық сананы қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Әсіресе жас ұрпақ үшін оқулықтағы дерек пен туған жердегі тарихи нысанның әсері екі бөлек. Аралтөбе секілді нысандар арқылы бала тарихты кітаптан оқып қана қоймай, оны көзбен көріп, туған өлкесімен байланыстыра алады. Менің де балалық шағым осы жерде өтті. Ал біздің табанымыз тиген жерден «Алтын адамның» табылуы үлкен жаңалық. Сондықтан өзімізде барды, өз ауданымызда барды қадірлесек екен. Өскелең ұрпақ тарихты жақыннан көріп, бұл орынды мақтанышпен айтып жүрсе нұр үстіне нұр болар еді,-дейді өз сөзінде.
Әрине, жаңа музейдің ашылуы ауданның туристік әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді. Оның үстіне кейінгі жылдары өңірдің тарихи-мәдени мұрасын туристік бағытқа айналдыру мәселесіне басымдық беріліп келеді. Бұл ретте Ақмешітке апаратын жол құрылысының жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн. Дегенмен мұнымен жұмыс аяқталмайды. Алдағы уақытта мұнда туристерге қажетті ақпараттық көрсеткіштерді көбейту, экскурсиялық бағыттарды қалыптастыру және нысанды ғылыми тұрғыда жүйелі таныту аса маңызды. Бұл өз кезегінде Аралтөбені тек аудан көлеміндегі емес, өңірлік туристік маршруттың бір бөлігіне айналдыруға жол ашуы мүмкін.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ



