«Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен, Qabilet қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылып жатқан Qabilet КЕҰ қауымдастығы жобасы аясында Qabilet Start бағдарламасының 7 қатысушысы Алматы қаласына тәжірибе алмасу сапарына барды.
Стади-турға қатысушылар бағдарламаның оқу кезеңінде сабақтарға белсенді қатысуы, әлеуметтік жобаларын әзірлеуі және комиссия алдында қорғау нәтижелері бойынша іріктелді. Іріктелген қатысушылар Атырау қаласы, Жылыой және Қызылқоға аудандарынан.
Стади-тур қатысушылары: Назгүл Хибашева, Самал Хамидуллина, Ардақ Смагулова, Жанар Даумова, Ляззат Кулбаева, Эльмира Доскалиева, Дәмелі Уапова.
Алматы қаласындағы тәжірибе алмасу сапары барысында қатысушылар азаматтық қоғам ұйымдарының, қорлар мен әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысып, олардың қызметіндегі тиімді тәсілдерді зерделеуде.
Бағдарлама аясында АРГО — Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы, Болат Өтемұратов қоры, Алматы қаласының ҮЕҰ азаматтық орталығы, «Мейірім» оңалту орталығы, «Қазпатент», «Кеңес» кешенді оңалту және әлеуметтік бейімдеу орталығы, EN Social қоғамдық қоры және Қазақстан Жазушылар одағы өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылуда.
Кездесулер барысында қатысушылар үкіметтік емес ұйымдарды дамыту, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, азаматтық қоғамды қолдау және ұйымдардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағыттарындағы тәжірибелермен танысуда. Сонымен қатар өз ұйымдарының қызметіне енгізуге болатын жаңа идеялар мен шешімдерді зерделеп, кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік алуда.
Стади-турдың басты мақсаты — Qabilet Start бағдарламасы қатысушыларының кәсіби әлеуетін арттыру, тәжірибе алмасу арқылы білімдерін толықтыру және жинақталған тәжірибені өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың қызметінде қолдануға жағдай жасау.
Алматы қаласындағы тағылымдама қатысушылардың жаңа мүмкіндіктерді тануына, әлеуметтік бастамаларын жетілдіруіне және ұйымдарының дамуына тың серпін беруге бағытталған.
Ә.ҚАЗИ




