Бүгінгі көктемнің алғашқы күнімен бірге келген Алғыс айту күні көңілге шуақ ұялататын мейірім мерекесі. «Алғыс алған арымас» дейді халқымыз. Шын мәнінде, алғыс адамды асқақтататын асыл қасиет, елді ел ететін ізгілік.
Осындай тағылымды күнде бейбіт өмірдің бағасын ұғындыратын, тыныштықтың күзетінде тұрған әскерге де құрмет көрсету парыз. Үш онжылдықтан астам уақыт ішінде Ұлттық ұлан сапындағы сарбаздар ел ішіндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сенімді тірегіне айналды.
Айта кетейін, Ұлттық ұланның міндеті – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқыққа қарсы әрекеттерге тосқауыл қою.
Иә, «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген тәмсіл бар. Әскери өмір – жауапкершілік мектебі. Бұл мектептен өткен жас жігіт ертең елдің қорғанына, отбасының тірегіне айналады.
Тарихқа көз салсақ, 1992 жылғы 10 қаңтарда Ішкі әскер құрылып, кейін 2014 жылы ол Ұлттық ұлан болып қайта ұйымдастырылды. 2015 жылы «Ұлттық ұлан туралы» Заң қабылданып, оның құқықтық мәртебесі бекітілді. Содан бері бұл құрылым ел тыныштығын күзетіп келеді. Қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету күн сайын жауапкершілік жүктейтін міндет. Сол міндеттің артында түн ұйқысын төрт бөлген сарбаз еңбегі тұр.
Атырау қаласындағы Ұлттық ұлан 5546 әскери бөлімінің сарбаздары тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, төтенше жағдайларда да алдыңғы шептен табылды. Атап айтқанда, 2024 жылы облыстағы су тасқыны кезінде олар құтқару жұмыстарына белсене қатысып, тұрғындарға қол ұшын созды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, бұл еңбекті ел де, Мемлекет басшысы да жоғары бағалады.
Алғыс айту күні аясында әскери бөлім сарбаздары Атырау қаласындағы №2 қалалық кітапханада өтетін «Ризашылық пен алғыс» атты тағылымды шараға қатысты. Кітапхана төріндегі бұл кездесу жас буын мен жауынгерлер арасындағы рухани көпір іспетті. Онда ел тарихы, бірлік пен татулықтың мәні, алғыстың адам өміріндегі орны сөз болды. Өйткені сарбаз жүрегінде тек әскери ант қана емес, елге деген сүйіспеншілік пен ризашылық сезімі де қатар болуы керек.
Сонымен бірге, әскери бөлімнің өзінде де тақырыптық тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып, жауынгерлерге ұлттық құндылықтар, елдік мұрат, бірлік пен татулық жайлы мазмұнды дәрістер өткізілді. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қағида әскери ортада айрықша маңызға ие. Сарбаздар сап түзеп тұрған алаң тек жаттығу орны емес, тәрбие мен тағылымның мектебі.
Атаулы күн аясында бөлімде жиын өтіп, ардагерлер жас сарбаздарға батасын беріп, өткен күндердің өнегесін айтты. Алғыс айту күні тек тарихи жадымызды жаңғыртатын күн емес, бүгінгі бейбіт тірлік үшін тер төгіп жүрген әскерилерге құрмет көрсету сәті.
Сірә, ел тыныштығын көздің қарашығындай қорғап тұрған жауынгерлерге халық алғысынан артық құрмет бар ма?! «Ел үмітін ер ақтар» дейді дана жұрт. Ұлттық ұлан сарбаздары сол үмітті ақтап, абырой биігінен көріне береді деп сенемін.
Самет КУЛАХМЕДОВ,
Ұлттық ұлан 5546 әскери бөлімінің командирі, подполковник




