22 наурыз-әз-Наурыз мерекесі қарсаңында жылыойлықтар ұлттық дәстүрді ұлықтап, қазақ халқының киім үлгісін көрсетті.
Ақжаулықты әжелер жадағай, кимешек, камзол сынды ұлттық киімдер киіп, нағыз қазақ әжелерінің қандай болатынын сипаттады. Олардың бірі зейнеткер Шынар Омарова. Айтулы мереке күні ұлттық киім үлгісін сақтаған ол Жылыой жұртын жаңа жылымен құттықтап:
-Әз Наурыз — береке мен бірліктің, жаңару мен жақсылықтың бастауы. Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа құт-береке, молшылық әкелсін. Ұрпақтарымыз ұлттық дәстүрді ұмытпай, ата-баба салтын жалғастыра берсін. Баршаңызға зор денсаулық, бақыт пен шаттық тілеймін,- деді ақжарма тілегін жеткізіп.
Мерекелік шара барысында тұрғындар ұлттық тағамдардан дәм татып, салт-дәстүрлерден көріністер қойылды. Әсіресе жастардың қазақы киімге деген қызығушылығы ерекше байқалды. Бұл — ұлттық құндылықтарға деген құрметтің артып келе жатқанының айқын көрінісі.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ



