Ақмешітке – ақ ниетпен

Бақыт Сағидоллақызы бастаған ауданның 30-ға жуық құрақ шебері қасиетті мекендердің бірі – Ақмешіт қорымына арнайы барып, Құран бағыштап, игі істің үлгісін көрсетті. Олар өз қолынан шыққан 30 жастық пен 30 құрақ көрпесін Ақмешіт қонақ үйіне табыстап, қолөнер шеберлерінің ұйымшылдығын көрсетті. Осылайша ауданымызда рухани құндылықты дәріптейтін тағылымды іс жүзеге асты.

Төсеніш көрпелердің барлығы ұлттық құрақ өнерінің негізінде «Каспий толқыны» өрнегімен тігілген. Бұл өрнек Каспий теңізі толқындарының әсем қозғалысын бейнелейді. Ақ, көк, көгілдір түстердің үйлесімі теңіздің табиғи бояуы мен тереңдігін суреттейді. Ал толқынды сызықтар нәзіктік пен үйлесімділікті білдіріп, адамға жылулық пен тыныштық сыйлайды. Бүгінде Ақмешітке келушілер саны жыл сайын артып, еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелдерден де зиярат етушілер жиі келеді. Ақмешіт қорымы Жем өзені жағасындағы биік төбенің үстінде орналасқан, рухани мәдениеті қалыптасқан, ел тарихымен тығыз байланысты орын. Бұл жер Бекет ата кіндік қаны тамған қасиетті мекен ретінде халық арасында ерекше мәнге ие.

Ауданымыздың зейнеткері Бақыт Сағидоллақызы бұл игі бастаманы 2019 жылдан бері жоспарлап, аудан кәсіпкерлері мен тігіншілерінің басын қосып, үлкен рухани іске жұмылдыра білді. Бұл туралы өзі: 

- Осындай киелі орынға қызмет ету – үлкен құрмет әрі аманат. Қолайсыз ауа райына қарамастан осы жауапкершілікті терең сезінген ауданымыздың алтын қолды шебер қыздарына өз атымнан алғыс айтамын. Ауданның 30 құрақшысы бірлесіп, Ақмешітке арнап 30 көрпе мен 30 жастық тігіп, оны қасиетті орынға арнайы апарып төсеу рәсімін жүзеге асырды. Бұл әр тігісіне ықылас, әр өрнегіне мейірім, әр жібіне ақ ниет пен дұға сіңген шынайы еңбектің жемісі. Сондықтан келген қонақтарға жағдай жасау, киелі мекеннің көркін арттыру баршамызға ортақ міндет деп білемін,-деді тілегін білдіріп.

Аталған бастамаға ауданымызға белгілі кәсіпкер әрі тігінші Әйгерім Нұркенқызы мен Айжан Асқарбекқызы да белсене қатысып, өз шеберханаларынан 13 құрақшыны жұмылдырып, игі істің ауқымын кеңейтуге үлес қосты. 

- Халқымыздың ұлттық құндылығы сияқты қазақтың қолөнер бұйымдары да ұрпаққа қалатын асыл мұра. Адам қиялының шексіздігін қолының ісмерлігімен ұштастырып, көркем өнерге айналдыра білген бабаларымыз тұрмыстық қажеттілікті де талғаммен, шеберлікпен үйлестіре білген. Сол асыл өнердің жарқын бір үлгісі – құрақ көрпе. Ол, біріншіден, өнер, екіншіден, тұрмыстық бұйым, үшіншіден, ысырапшылдықтың алдын алу жолы. Олай дейтін себебіміз, ертеректе үлкендеріміз мата тапшы кезде әрбір қиындыны рәсуа етпей, қайта кәдеге жарату арқылы құрақ құраған. Аудан шеберлерінің қолынан шыққан міне осындай құрақ көрпелер қасиетті Ақмешіт сияқты киелі мекеннің көркін одан әрі айшықтап, оның рухани мәнін арттыра түсетіні сөзсіз. Ұлттық өрнекпен әрленген бұл бұйымдар киелі орынды рухани жылылықпен толықтырып, келуші қонақтарға ерекше әсер сыйлайды. Ақмешіттің табиғи тыныштығы мен тарихи мәні осындай ұлттық қолөнер туындыларымен үйлесіп, туристерге де ұлттық болмысымызды айшықтата түсер деп сенеміз,-дейді кәсіпкер Әйгерім Нұркенқызы. 

Атап өткен жөн, бұл игі іске тек тәжірибелі құрақшылар, кәсіби тігіншілер ғана емес, сонымен қатар жас буын қолөнер шеберлері де белсене қатысты. Барлығы да ауданның дамуына үлес қосып жүрген, ісмерлігімен танылып келе жатқан білікті қолөнершілер. Бір жобаның аясында әрбір тігінші өз қолтаңбасын қалдырып, еңбегінің ізін айшықтай білді. Дайындалған әрбір төсеніш пен жастыққа шебердің аты-жөні жазылған арнайы белгі тағылып, авторлық еңбек нақты көрсетілді. Бұл бір жағынан жеке шебердің еңбегін дәріптеу болса, екінші жағынан жалпы қолөнер иелеріне деген құрметтің, олардың маңдай терін бағалаудың айқын көрінісі. Ауданымыздың құрақшылары жасаған бұл тарту рухани жаңғырудың, ұлттық өнердің және ел бірлігінің айғағы. Осындай игі істер арқылы киелі орындардың қадірі артып, қазақтың құрақ өнері ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретініне сенім мол. 

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT