Атырау қаласында білім беру ұйымдарындағы психологиялық қолдау сапасын арттыруға арналған семинар өтті.
Екі күнге созылған жиынға облыстағы мектептер, колледждер және өзге де білім беру ұйымдарынан 300-ден астам педагог-психолог қатысты, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
16–17 қыркүйекте өткен семинардың негізгі мақсаты – педагог-психологтардың кәсіби құзыретін жетілдіру, тәжірибе алмасу және балалар мен ата-аналарға психологиялық көмек көрсетудің заманауи тәсілдерін талқылау.
Жиын барысында мамандарға өзекті бағыттар бойынша тәжірибелік және әдістемелік сессиялар ұсынылды. Оның ішінде ұрпақ саулығының психоаналитикалық негіздері, ата-ана мен педагогтің менталдық саулығы, инклюзивті қоғам қалыптастыру, заманауи әдістер мен позитивті тәртіп арқылы балаға қолдау көрсету мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ бала мінез-құлқының себептерін түсіну, мұғалімнің ішкі жай-күйі мен оқушымен қарым-қатынасы, агрессивті мінез-құлықпен жұмыс істеу және педагог-психологтың диагностикадан бастап түзету жұмыстарына дейінгі практикалық алгоритмі бойынша сабақтар өтті.
Семинардың екінші күнінде «Жасанды интеллект және цифрлық дәуірдегі отбасы тәрбиесі» тақырыбында арнайы сессия ұйымдастырылды. Оны спикер Ержан Мұздабай жүргізді.
Облыстық білім беру басқармасы «Психологиялық қолдау» орталығының директоры Мәншүк Мұхаметқалиеваның айтуынша, семинар мамандардың кәсіби қажеттіліктерін ескере отырып ұйымдастырылған.
– Жұмыс барысында облыстағы психологтардың пікірін тыңдап, кәсіби біліктіліктерін арттыруға қызығушылықтары жоғары екенін байқадық. Осыған байланысты осындай ауқымды жиын ұйымдастыруды қолға алдық. Екі күн ішінде мамандар тәжірибе жинақтап, өзара пікір алмасты. Ең бастысы, облыстан тыс жерге шықпай-ақ, білікті мамандардың тәжірибесіне қанығуға мүмкіндік алды. Семинар спикерлері де өз саласының тәжірибелі мамандары, – деді Мәншүк Мұхаметқалиева.



