Аудандық кітапханада ұлағатты ұстаз, ақын, өлкетанушы, туған жеріміздің шежіресін ұрпаққа мұра етіп қалдырған абыз адам – Жанаш Нұрмаханның тұлғалық кабинеті ашылды. Тағылымы мол шараға байырғы ұстаздар, қаламгерлер, жастар мен оқушылар қатысты.
Алдымен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров құттықтау сөз сөйлеп, бүгінгі күннің маңызы туралы айтты. Ол ауданның бас кітапханасында осындай ұрпаққа берері мол кабинеттің ашылуы заңдылық екенін баса айтып, абыз атамыздың жүріп өткен жолы насихаттала беретінін жеткізді. Бұдан соң кабинеттің лентасын ҚР Халық ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз Наурызбай Төлеуов пен Әлібек Науаров қиды. 
Жиналғандар кабинеттегі құнды дүниелерді тамашалай бастады. Кітапхананың анықтамалық-библиографиялық бөлім меңгерушісі Жанат Алашбайқызы Жанаш Нұрмаханұлының өмірі мен еңбек жолы, шығармашылық мұрасы, өлкетану бағытындағы зерттеулері, еңбектері мен қолжазбалары жинақталған залмен көпшілікті таныстыра бастады. Сарғайған ескі суреттер мен абыз атамыздың қолданған заттары сондай әсерлі көрінді.
Шара оқырман залында жалғасын тауып, дәстүрлі әнші Назгүл Жиенбаева әннен шашу шашты. Абыз атамыздың туған ауылы, кезінде өзі білім алып, кейін сол алтын ұясында ұстаздық еткен №3 мектептің 10 сынып оқушылары Жақсылық Қадірберген мен Айкерім Сағынбай өлең оқыды. Сонымен қатар №7 мектептің оқушылары Азиза Нұрлан, Айару Төлесінова, №19 мектептің оқушылары Еркеназ Байғали, Гүлім Қабыланбектер ақынға арналған жырды айтып берді. Сөз кезегі Жанаш атамыздың көзін көріп, етене жақын араласқан, бірге еңбек еткен әріптестері мен шәкірттеріне, шақырылған арнайы қонақтарға берілді. 
Жүрекжарды естеліктерімен бөліскендер Жанаш Нұрмахановтың өте білімді, кез келген адамда бола бермейтін керемет есте сақтау, яғни феноменалды қабілетін, шежірешілдігін, парасаттылығы мен ұстаздық ұлылығын ерекше атап өтті. Оның білім-ғылымға деген құштарлығын, ағартушылық қызметін және іскерлігін жоғары бағалайтындарын айтып, болашақта ұстаздың есімін бір мектепке беру туралы ұсыныстарын жеткізді.
П.ТҮРІКМЕНБАЙҚЫЗЫ




