Абыройлы еңбектің зейнеті

Атырау облысы Полиция департаментінде ішкі істер саласында ұзақ жылдар бойы абыроймен қызмет атқарып, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқан қызметкерлерді құрметті еңбек демалысына шығарып салуға арналған тағылымды жиын өтті.

«Қызметке адалдық – ұрпаққа өнеге» атты шара департамент бастығының төрағалығымен және «Томирис» клубының ұйымдастыруымен өткізілді.

Салтанатты жиында полиция полковнигі Алтын Сәрсенова, полиция подполковниктері Надия Ажимкулова мен Рита Кунирова, полиция капитаны Айман Мәулетова көп жылғы мінсіз қызметі үшін арнайы құрметке ие болды.

«Еңбек ер атандырады» демекші, бұл қызметкерлердің кәсіби жолы ішкі істер органдарының тыныс-тіршілігімен біте қайнасты. Олар әр жылдары ақпараттық-талдау, ақпараттық қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелер, жоспарлау және ұйымдастыру бағыттарында еңбек етіп, саланың орнықты жұмысына өз үлестерін қосты. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен кәсіби білімі қызметтік міндеттерді жауапкершілікпен атқарып, кейінгі буынға бағыт-бағдар беруге де қызмет етті.

Иә, «Еңбектің зейнетін көру» деген осы болса керек. Адал еңбекпен өткен ғұмырдың қадірі де осындай сәттерде айқын сезіледі. Қызмет жолын абыроймен аяқтап, құрметті демалысқа шығу жылдар бойғы еңбектің нәтижесі екені белгілі.

Жиын барысында департамент басшылығы ардагер әріптестерге ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі, кәсіби білімі мен азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді. Оларға зор денсаулық, отбасылық амандық, баянды ғұмыр және өмірдің жаңа белесіне сәттілік тіледі.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, ардагерлер қызметтен қол үзсе де, елге сіңірген еңбек пен кейінгі буынға қалдырған өнеге ұмытылмайды.

 

Майра ЕРҒАЛИ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT