Қаланың келбетін жақсарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінде шаһар көшелері мен қоғамдық орындарда ауқымды жұмыстар атқарылып, қала аумағы жаңаша кейіпке еніп келеді.
Осы уақытқа дейін қала көшелерін санитарлық тазалау, ағаш көшеттерін отырғызу, гүлзарлар мен жасыл аймақтарды күтіп-баптау жұмыстары жүйелі түрде қолға алынған болатын. Сонымен қатар саябақтарды жаңғырту, жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу, балалар ойын алаңдары мен спорттық нысандарды ретке келтіру бағытындағы бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда көгалдандыру жұмыстары аясында қала аумағына 50 мың дана біржылдық петуния және тагетис гүл көшеттері отырғызылуда. Бұл жұмыстар жасыл желек қорын көбейтіп, қаланың эстетикалық келбетін жақсартуға бағытталған. Мамандардың мәліметінше, гүл егу жұмыстары Рәміздер алаңында, Базар айналма жолында, Үш батыр айналма жолында және Ө.Алдахов көшесі бойындағы гүлзарларда жүргізілуде.
– Қазіргі уақытта гүл отырғызу жұмыстары қаладағы орталық көшелерде, аллеяларда және қоғамдық демалыс орындарында кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл шаралар қаланың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындарға жайлы демалыс ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қала тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын сақтау – әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Осыған орай, қала тұрғындарын егілген гүлдер мен жасыл желектерге ұқыптылықпен қарап, оларды қорғауға шақырамыз,-дейді қала әкімі аппаратының бас маманы Еркебұлан Қаржаубаев.
Жауаптылардың айтуынша, бүгінде гүлзарларды күтіп-баптау мақсатында көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, суару және арнайы сұйық тыңайтқыштармен қоректендіру жұмыстары қолға алынған. Ал тамшылатып суару жүйесін енгізу мәселесі әзірге қарастырылуда екен. Сонымен қатар біржылдық гүлдерді жұлу, таптау немесе өзге де жолдармен бүлдірсе онда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес жеке тұлғаға 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынатынын мамандар ескертеді.
Иә қаланың көркеюі мен тазалығы – барша тұрғынға ортақ жауапкершілік. Сондықтан әрбір азамат туған қаласының тазалығын сақтауға, жасыл желектерді қорғауға және қоғамдық орындарға жанашырлықпен қарауға өз үлесін қосуы қажет. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта да көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы жұмыстар жалғасып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау басты назарда болмақ.
А.Мейрамбайқызы


