7 жаңа қоғамдық кеңістік ашылды

Қаламызда тұрғындардың игілігіне арналған 7 қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді.

«Qogamdyq Keńistikter» жобасы аясында ашылған нысандардың үшеуі балаларға арналған ойын алаңы болса, төртеуі воркаут алаңы.Қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталған жоба биыл да жалғасын тауып отыр. 2026 жылы жүзеге асыру жоспарланған 16 нысанның бүгінде 15-і пайдалануға берілген. Қалған бір нысанда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұған дейін Құлсары қаласында жоба аясында 8 қоғамдық кеңістік ашылған болатын. Жаңа алаңдар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, балалардың қауіпсіз ортада ойнауына және жастар мен ересектердің дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік береді. Биылғы жобалардың ерекшелігі балалар ойын алаңдары мен жаттығу орындарының бір аумақта қатар орналасуы. Мұндай тәсіл отбасының әр мүшесіне қолайлы жағдай жасап, қоғамдық кеңістіктерді ортақ демалыс орнына айналдыруға мүмкіндік береді. «Балалар әлемі» жобасының жетекшісі Сапарбек Қалиевтің айтуынша, алаңды ұйымдастыру кезінде балалардың қауіпсіздігі мен тұрғындардың қажеттілігіне басымдық берілген.

     -Мен көпбалалы әкемін. Өзіміз бала кезімізде далада қолайсыз жерлерде ойнап өстік. Сондықтан балаларымыздың заманауи әрі қауіпсіз алаңдарда ойнағанын қаладық. Осы мақсатта жобаны жүзеге асыруды шештік. Біздің жобамыз «Балалар әлемі» деп аталады. Оның ерекшелігі бір алаңның ішінде балаларға арналған ойын алаңы мен жаттығу алаңы қатар қарастырылған,-дейді ол.

Биылғы жобаның тағы бір маңызды тұсы бұрыннан бар қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға мүмкіндік берілуі. Мәселен, 2022-2023 жылдары салынған «Жадырасын, шыңға шыға бер!» балалар ойын алаңы мен воркаут алаңы қайта жөндеуден өтті. Жоба аясында ескірген жабдықтар қалпына келтіріліп, аумақ жаңартылды. Бұл қолданыстағы инфрақұрылымды сақтап, оның қызмет ету мерзімін ұзартуға жол ашады.

Жоба жетекшісі Қарлығаш Ізбасарованың сөзінше, бұрынғы алаңды қалпына келтіру жаңа нысан салумен қатар, бар мүмкіндікті тиімді пайдалануға да жол ашқан.

      -Біз 2022-2023 жылдары осы бағдарлама аясында балалар ойын алаңы мен воркаут алаңын салған болатынбыз. Уақыт өте келе кейбір жабдықтарды жөндеу қажеттілігі туындады. Жаңа жоба ұсынудың орнына, бұрынғы алаңымызды қалпына келтіруді жөн көрдік. Бағдарламаның осындай мүмкіндік бергеніне өте қуаныштымыз. Бұрын жүзеге асырылған жобаларды жаңартып, олардың тұрғындарға әрі қарай да қызмет етуіне жағдай жасағаны үшін алғысымызды білдіреміз,-деді Қ.Ізбасарова.

 «Qogamdyq Keńistikter» жобасы тұрғындардың бастамаларын бірауыздан қолдауға, азаматтық белсенділікті арттыруға және жергілікті инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған. Жоба аясында тұрғындар өздері өмір сүретін ортаны дамытуға атсалысып, көпшілікке ортақ игіліктердің қалыптасуына үлес қосып келеді.Айта кетейік, жоба «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылай қолдауымен «Орталық Азияның Еуразия Қоры» қоғамдық қоры тарапынан жүзеге асырылуда.

 

А.Талапкер

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT