«5 минуттық құндылық»

Ауданда облыстық прокуратураның «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «5 минуттық құндылық» жобасы жүзеге асып келеді. Білім беру кеңістігіне өзгеріс әкелген іс биыл қаңтар айында басталып, жыл соңына дейін жалғаспақ. Мектеп оқушыларының зейінін кеңейтіп, түрлі тақырыпта ақпарат алмасуына септігін тигізетін жоба 1-11 сынып аралығын толық қамтып келеді. Бүгінде жоба облыс бойынша 235 мектеп пен 150 мыңнан астам оқушыны қамтып отыр. Мұның ішінде ауданымыздағы 20 мектепте бұл бастама жүйелі түрде жүзеге асырылып, білім ордаларындағы тәрбие жұмысының жаңа форматына айналды.

Басты мақсат – жас ұрпақтың бойында саналы ой қалыптастыру, оларды қоғамға пайдалы, үлгілі азамат етіп тәрбиелеу. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында барлық оқушыға негізгі адами құндылықтарды түсіндіру. Бұл құқықтық сауаттылықты арттыру ғана емес, сонымен қатар, оқушылардың өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыс. Күнделікті оқу процесінде осы тұжырымдамаға негізделген қысқаша ақпаратты талқылау арқылы мектеп қабырғасында біртекті, жүйелі идеология қалыптасуда.

Бүгінде жоба оқу жылының соңына дейін жалғасып, жалпы ұзақтығы 17 аптаны құрайды. Оқу материалдары оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бейімделген: бастауыш сынып, орта буын және жоғары сынып оқушыларына арналған арнайы мазмұн әзірленген. Бұл тәсіл әр жастағы баланың қабылдау деңгейіне сай ақпарат ұсынуға мүмкіндік береді. Сабақтардың өту форматы да ерекше. Мектеп басшысы немесе сынып жетекші әр сабақтың 5 минут уақытын пайдалы ақпаратқа арнап, оқушылардың бір күндік 25 минут уақытын осылайша тиімді өткізуге жұмыстануда. Дәстүрлі дәріс форматынан бөлек, әңгімелесу, өмірлік жағдайларды талқылау, қысқа бейнероликтер көрсету және пікір алмасу тәсілдері кеңінен қолданылады. Мұндай интерактивті әдістер оқушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ой еркіндігін дамытуға ықпал етеді. 

Айта кету керек, мұғалімдер әр сабақты өз пәндерінің ерекшелігіне қарай бейімдеп өткізеді. Бұл – жобаның тиімділігін арттыратын маңызды факторлардың бірі. Ал өткізілген сабақтар сынып сағаттарында қорытындыланып, оқушылардың ой-пікірлері сараланады. 

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT