31 отбасының қуанышы

Ауданымызда тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен көпбалалы отбасыларға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Бұл – халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірнеше отбасының көптен күткен арманының орындалған сәті. Баспанамен қамтамасыз ету – мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Биыл 31 отбасы жаңа қоныстың иесі атанып, өз шаңырақтарына қол жеткізді.

Тұрғын үй кілттерін табыстау рәсіміне «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұржан Мұғалимов қатысып, қоныс иелерін қуанышты сәтпен құттықтады. Ол өз сөзінде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі Мемлекет басшысы айқындаған әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысы мен азаматтарды қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Жаңа пәтерлердің кілттерін аудан әкімі Жұмабек Қаражанов салтанатты түрде табыстап, жаңа қоныс иелеріне құттықтау тілегін білдірді.

- Баспана әрбір отбасының бақыты мен берекесінің бастауы, баянды өмірдің берік негізі. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру, тұрғындарды қолжетімді әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекетіміздің маңызды міндеттерінің бірі. Бүгінгі қоныс тойы – ауданымыз үшін маңызды оқиға. Жаңа шаңырақтарыңызға құт-береке, ынтымақ пен молшылық тілеймін. Әрбір отбасында шаттық пен бақыт салтанат құрсын,-деді аудан әкімі. Соңғы жылдары елімізде тұрғын үй құрылысының көлемі тұрақты түрде артып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері арқылы мыңдаған қазақстандық отбасы баспаналы болып, тұрғын үйге қолжетімділік артуда. Бұл жұмыстар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Ауданымызда да бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйлер заманауи құрылыс талаптарына сәйкес салынған. Пәтерлер барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз етіліп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Қоныс иелерінің бірі Саламат Жәнібекұлы көптен күткен қуанышқа кенелгенін айтып, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау үшін алғысын білдірді. 

- Бүгін көп отбасы үшін ерекше күн болды. Жаңа баспанаға қол жеткізу көптен күткен арманымыз еді. Осындай мүмкіндік жасап, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге көңіл бөліп отырған мемлекетке және осы іске атсалысқан азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа шаңырағымызға құт-береке дарып, барша баспана кезегінде тұрған азаматтардың да осындай қуанышқа жетуіне тілектеспін,-деді ол.

А.Ерденқызы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT