Атырауда «Таза Қазақстан» аясында үгіт материалдары жиналып жатыр

Атырау облысында Құрылтай сайлауына байланысты жүргізілген үгіт-насихат кезеңі аяқталғаннан кейін «Әділет» партиясының сайлауалды материалдарын жинау және орналастырылған аумақтарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Партияның Атырау облыстық филиалы өкілдері облыс орталығы мен аудандардағы сауда орталықтарында, халық көп шоғырланатын орындарда және үгіт материалдарын орналастыру үшін арнайы белгіленген аумақтарда ілінген плакаттар мен ақпараттық үгіт-насихат материалдарын алып тастауда.
Тазарту жұмыстарына облыс көлемінде 350 белсенді жас жұмылдырылды. Олар үгіт материалдары орналастырылған нысандарды аралап, сайлауалды науқан кезінде пайдаланылған материалдарды жинап, аумақтарды ретке келтіруде.
Партия өкілдерінің айтуынша, сайлауалды науқан барысында үгіт материалдарын заңнама талаптарына сәйкес орналастыру қаншалықты маңызды болса, науқан аяқталғаннан кейін оларды уақытылы жинап, аумақтарды таза күйінде қалдыру да соншалықты маңызды. Бұл – қоғамдық кеңістікке деген жауапкершілік пен ортақ тәртіпке құрметтің көрінісі.
Осылайша, Атырау облысында партияның үгіт материалдары орналастырылған арнайы орындар мен нысандар кезең-кезеңімен тазартылып, аумақтар бастапқы қалпына келтіріліп жатыр. Қазірдің өзінде 700 келіге жуық материал жиналды.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT