Ауданымызда республикалық «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы кең көлемде ұйымдастырылды. Бұл бастаманың басты мақсаты отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Іс-шара басталмас бұрын арнайы бұйрық шығарылып, нақты іс-қимыл жоспары бекітілді. Полиция қызметкерлеріне тиісті тапсырмалар жүктеліп, әр бағыт бойынша жауапты тұлғалар айқындалды. Сонымен қатар, жұмыстар кешенді түрде жүргізілуі үшін Отбасын қолдау орталығы, білім бөлімі және аудандық орталық аурухана мамандары да жұмылдырылды. Яғни, бұл жолғы шара тек құқық қорғау органдарының ғана емес, қоғам болып атсалысқан ортақ профилактикалық маңызды іске жатады.
Іс-шара барысында есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары тексерілді. Барлығы 170 мекенжай қамтылып, оның ішінде 70 қорғау нұсқамасы бар тұлғалар ерекше бақылауға алынды. Сондай-ақ 55 қолайсыз отбасылар да назардан тыс қалмады. Бұл отбасылармен жеке профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, түсіндіру жұмыстары атқарылды. Әсіресе, ата-аналық міндетін дұрыс орындамай жүрген, зиянды әдеттерге әуес немесе бұрын сотталған азаматтар бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінді.
«Отбасындағы жанжалдың алдын алу басты міндет. Әрбір дерек мұқият зерделенеді. Қорғау нұсқамасы жәбірленушінің, әсіресе ананың және оның балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты құқықтық құрал болып табылады. Біз тек құқықтық шара қолданумен шектелмей, отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге басымдық береміз: психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және құқықтық кеңес берушілер ананың ауыр кезеңде өз құқықтары мен міндеттерін түсінуіне көмектеседі, ал бала үшін қауіпсіздік пен психологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету - ең маңызды мақсат. Азаматтар қандай да бір қысымға, қорқынышқа немесе физикалық зардапқа тап болса, дереу хабар беруі қажет. Өйткені уақытылы шара қолдану ананың тыныштығын сақтап, баланың дұрыс дамуына мүмкіндік береді»,-деді аудандық полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Жазира Молдабаева.
Оның айтуынша, қиын жағдайға тап болған үш отбасыға мобильдік топтар арқылы кешенді көмек көрсетілген. Әлеуметтік қолдау шараларын үйлестіру мақсатында тиісті сұраныстар жолданып, қажетті көмек түрлері қарастырылған. Мұндай нақты қолдау тек тексерумен шектелмей, мәселені шешуге бағытталған жүйелі қадамдардың бірі.
Сондай-ақ «102» арнасына 18 жанұя жанжалы бойынша хабарлама тіркеліп, нәтижесінде 18 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, 19 азаматқа тәуекел деңгейін анықтау мақсатында сауалнама жүргізіліп, 14 адамға қорғау нұсқамасы шығарылды. Сонымен қатар бір қылмыстық іс тіркелді. Әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша да тиісті шаралар қабылданып, бірқатар азаматтар жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстарын атап өткен жөн. Мектептерде жасөспірімдермен ашық форматта арнайы кездесулер ұйымдастырылды. Оқушыларға қолданыстағы заң талаптары, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құқықтық және психологиялық салдары, қорқыту мен қудалаудың жауапкершілігі жан-жақты түсіндірілді. Мамандар жастарды кез келген қысым түріне төзбеуге, өз құқықтарын білуге және қиын жағдай туындаған сәтте сенімді тұлғаларға немесе тиісті органдарға жүгінуге шақырды. Мұндай кездесулер жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, ертеңгі күні саналы әрі жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуына негіз қалайды.
Сонымен қатар аудан аумағында «111» бірыңғай мемлекеттік сенім телефоны кеңінен насихатталды. Халық көп шоғырланатын орындарға ақпараттық плакаттар мен билбордтар орналастырылып, ауылдық округтердегі LED экрандар арқылы арнайы бейнероликтер көрсетілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыбында 786 жадынама мен ақпараттық буклет таратылып, көмекке мұқтаж жандарға қайда және қалай жүгіну керектігі нақты көрсетілді. Бұл қоғамда үнсіз қалмау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Жалпы, «Тұрмыс» профилактикалық іс-шарасы ауданымызда жылына бірнеше мәрте өткізіліп тұрады. Атқарылған жұмыстар тек құқықбұзушылықтарды анықтаумен шектелмей, оның алдын алуға, отбасыларды қолдауға және қоғамдық сананы нығайтуға бағытталды. Өйткені отбасы қоғамның берік тірегі. Әр шаңырақта өзара сыйластық пен түсіністік орнықса, қоғамда тұрақтылық пен сенім күшейеді. Заң талаптарын сақтау, бір-біріне құрметпен қарау және қиындыққа тап болған жанға қол ұшын созу ортақ жауапкершілік. Осындай жүйелі жұмыстар жалғасын тапқанда ғана отбасы құндылығы нығайып, қоғам тыныштығы сақталады.
Осы тұста, тәртіп сақшылары азаматтарға «102» телефоны арқылы полицияға, өзінің учаскелік полиция инспекторына немесе полицияның аумақтық бөлімдеріне хабарласуға болатынын ескертеді. Қоңырау шалу арқылы көршілес тұратын және түрлі құқық бұзушылықтар жасап жүрген, алкогольдік ішімдіктерді теріс пайдаланатын немесе есірткі құралдарын қолдануы байқалған азаматтар туралы да ақпарат беруге болады. Мұндай хабарламалар құқықбұзушылықтың алдын алуға, дер кезінде шара қабылдауға және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Полиция қызметкерлері кез келген ақпарат назардан тыс қалмайтынын атап өтеді.
А.Ерденқызы




