Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы – еліміздің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат.
Онда қоғам өмірінің барлық саласына қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, елдің экономикалық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған нақты міндеттер белгіленді.
Осы маңызды құжаттың мазмұнын кеңінен насихаттап, негізгі бағыттарын халыққа түсіндіру мақсатында АГУ мен Абай орталығында арнайы кездесулер мен танымдық шаралардың өткізілуі ерекше маңызға ие. Мұндай басқосулар Жолдауда айтылған бастамалардың мән-маңызын тереңірек түсінуге, ел болашағына қатысты өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісуге мүмкіндік береді.
Президент Жолдауында экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өндіріс орындарын жаңғырту, цифрлық технологияларды дамыту және инфрақұрылымды жетілдіру мәселелеріне басымдық берілген. Әсіресе, «Халықтық құрылыс» бастамасы арқылы елді мекендердің дамуына серпін беріп, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту көзделіп отыр. Сонымен қатар цифрлық экономиканы қалыптастыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – заман талабынан туындаған маңызды міндеттердің бірі.
Жолдаудың тағы бір маңызды тұсы – қоғамда заң мен тәртіп қағидатын нығайту, азаматтардың жауапкершілігін арттыру және қоғамдық келісімді сақтау. Өйткені елдің өркендеуі тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, әрбір азаматтың белсенділігі мен ортақ іске қосқан үлесіне де байланысты.
Осындай түсіндіру кездесулері Жолдауда белгіленген міндеттерді көпшілікке жеткізіп қана қоймай, азаматтардың ел дамуына деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Ең бастысы, айтылған бастамалар нақты іспен ұштасып, нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс.
Ел болашағы – ортақ жауапкершілік. Сондықтан Жолдауда айқындалған міндеттерді жүзеге асыруға әр азамат өз үлесін қосуы қажет деп есептеймін.
Мирова Анар




