Мен үшін «Таза Қазақстан» акциясы – жай ғана сенбілік немесе қоқыс жинау шарасы емес. Бұл – адамдардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертетін, табиғатты құрметтеуге үндейтін маңызды бастама. Табиғат – біздің ортақ үйіміз. Егер оны бүгін қорғамасақ, ертең оның зардабын өзіміз де, келешек ұрпақ та көреді.
Қазіргі кезде кейбір адамдар демалған жерінде қоқысын тастап кетеді немесе қоғамдық орындардың тазалығына мән бермейді. Осындай әрекеттер қоршаған ортаның ластануына себеп болады. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясы адамдарға тазалықтың маңызын түсіндіріп, қоғамда жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді деп ойлаймын.
Менің пікірімше, еліміздің таза әрі әдемі болуы тек мемлекеттік мекемелердің жұмысына байланысты емес. Әрбір азамат өзінен бастауы керек. Көшеде қоқыс тастамау, ағаш отырғызу, табиғатты бүлдірмеу сияқты қарапайым әрекеттердің өзі үлкен нәтижеге жеткізеді. Егер әр адам өз ауласына, көшесіне және туған жеріне жанашырлықпен қараса, Қазақстан әлдеқайда көркейіп, экологиялық жағдайы жақсара түседі.
Жазира Бердіқұлқызы
Аудандық музейдің әдіскер маманы



