«Алдымызда ауқымды жұмыс тұрғанын, біз мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту жолын енді ғана бастағанымызды айрықша атап өткім келеді… Біз көздеген мақсатымызға жетеміз. Жеңімпаз болуға міндеттіміз!» – деп Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, еліміз үшін жаңа кезең басталғаны анық.
Меніңше, бұл сөздер тек жігерлендіру ғана емес, бүкіл қоғамға бағытталған нақты үндеу. Расында да, қазіргі таңда әлемде тұрақсыздық күшейіп, түрлі сын-қатерлер артып отыр. Осындай жағдайда елді жаңғырту – үлкен батылдық пен табандылықты талап етеді. Президент айтқандай, бұл жол оңай болмайды, бірақ алға жылжудан басқа жол жоқ.
«Ол үшін ұлтымыз ауызбіршілік танытып, жауапты әрі жасампаз патриотизмнің, терең білім мен кәсібиліктің үлгісін көрсетуі қажет» деген ойы да өте орынды. Себебі кез келген реформа ең алдымен адамдардың сана-сезімінен басталады.
Сонымен қатар, Президенттің жаңа заңдар қабылдау, қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру туралы бастамалары – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. Заң үстемдігі орнаған жерде ғана әділдік пен тұрақтылық болады. Бұл – әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен сенімінің кепілі.
Менің ойымша, билік институттарын жаңарту мен жүйелі реформалар халықтың мемлекетке деген сенімін арттырады. Бірақ бұл тек жоғарыдан жасалатын өзгерістермен шектелмеуі тиіс. Әрбір азамат та осы үдеріске өз үлесін қосуы қажет.
Жылыой аудандық мешітінің бас имамы Думан Мұратұлы


