Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанға бастар айқын қадам

Мен жаңа Конституция жобасын еліміздің саяси жаңғыруының заңды әрі уақтылы жалғасы деп есептеймін. 2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастама – жай ғана түзетулер пакеті емес, мемлекет дамуының жаңа кезеңіне өтудің тұжырымдамалық негізі.

Бастапқыда шамамен 40 бапқа өзгеріс енгізу жоспарланғанымен, қоғамдық талқылаулар барысында түзетулердің ауқымы кеңейіп, Конституцияның көптеген бөлімдерін қамтыды. Бұл – биліктің қоғам үнін естігенінің айқын дәлелі. 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссияның құрылуы, оның құрамына түрлі әлеуметтік топтар мен өңірлердің өкілдерінің енуі – шынайы инклюзивті үдерістің көрінісі.
        Комиссия жұмысының ашық форматта өтуі, отырыстардың тікелей эфирде көрсетілуі, eGov және e-Otinish порталдары арқылы 10 мыңға жуық ұсыныстың түсуі – еліміздің конституциялық даму тарихындағы бұрын-соңды болмаған құбылыс. Бұл құжаттың шын мәнінде халықтық сипат алғанын білдіреді. Жаңа Конституцияның ең басты ерекшелігі – адам құқықтарына басымдық берілуі. Адам мен оның құқықтары тек декларативті деңгейде емес, бүкіл конституциялық құрылымның мәндік өзегіне айналды. Цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау нормасының енгізілуі – уақыт талабына сай батыл шешім. Сонымен қатар, адвокатура туралы арнайы баптың бекітілуі құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Маған ерекше ұнайтыны – адам капиталына басымдық берілуі. Білім, ғылым, мәдениет пен инновацияға көңіл бөлінуі еліміздің болашағы табиғи ресурстарға емес, азаматтардың әлеуетіне байланысты екенін айқын көрсетеді.
       145 депутаттан тұратын бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтайдың құрылуы да саяси жүйені жаңғыртуға серпін береді. Пропорционалды сайлау жүйесі партиялардың жауапкершілігін арттырып, саяси бәсекелестікті күшейтеді. Вице-Президент институтының енгізілуі мен Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

                                    Ержан АЛПАНОВ, Жылыой ауданы тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT