Менің ойымша, заңды талаптарды орындамау — қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылыққа кері әсер ететін құқық бұзушылық.
Заң әрбір азаматтың құқықтары мен міндеттерін белгілеп, қоғамдағы адамдардың қауіпсіз әрі бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етеді. Сондықтан әр адам заң талаптарын білуге және оларды орындауға жауапкершілікпен қарауы керек.
Заңды талаптарды орындамау әртүрлі жағдайда көрінуі мүмкін. Мысалы, мемлекеттік органдардың заңды талабына бағынбау, белгіленген ережелерді сақтамау, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе өзіне жүктелген міндеттерді орындамау қоғамға зиян келтіруі мүмкін. Егер адамдар заңды өз қалауынша орындап, кейбір талаптарды елемейтін болса, қоғамда тәртіпсіздік пен әділетсіздік пайда болуы ықтимал.
Менің пікірімше, заңды сақтау тек жазадан қорқу үшін жасалмауы керек. Заңды құрметтеу — әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігінің белгісі. Адам өз әрекетінің басқа адамдарға әсерін түсінуі қажет. Бір адамның заңды бұзуы кей жағдайда басқа адамның құқығы мен қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін. Сонымен қатар заң талаптары барлық азаматқа бірдей қолданылуы тиіс деп ойлаймын. Әр адам өзінің қызметіне, жасына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан заң алдында жауапты болуы керек. Бұл қоғамдағы әділдік пен тәртіпті нығайтады.
Гүлжансара Таңатарова
Аудандық білім бөлімінің бас маманы



