Қай кезеңде де мемлекеттің беріктігі мен қоғамның тұрақтылығы заңның үстемдігіне байланысты болған. Заң – ел өмірінің темірқазығы, ал тәртіп – сол заңның нақты жүзеге асуы. Заң үстемдік құрған жерде әділдік салтанат құрады, тәртіп орныққан жерде сенім бекиді. Сондықтан «Заң мен тәртіп» ұғымы – жай ғана құқықтық термин емес, ел болашағының берік негізі.
Құқықтық мемлекет құру – кез келген өркениетті елдің басты мұраты. Ондай мемлекетте азаматтың құқығы қорғалады, міндеті айқындалады, ал заң бәріне ортақ талап қояды. Заң алдында бәрі тең. Бұл қағида сақталғанда ғана қоғамда әділеттілік орнайды. Заңды құрметтеу – ең алдымен өз құқығыңды, өзгенің құқығын сыйлау деген сөз. Тәртіп – қоғам мәдениетінің көрсеткіші. Ол тек құқық қорғау органдарының жұмысы арқылы емес, әрбір азаматтың ішкі жауапкершілігі арқылы қалыптасады. Көшеде жол ережесін сақтау, қоғамдық орындарда әдептен аспау, салық төлеу, адал еңбек ету – мұның бәрі тәртіптің қарапайым, бірақ маңызды көріністері. Егер әркім өз ісіне жауапкершілікпен қараса, қоғамда құқық бұзушылық азайып, сенім артады.
Бүгінде елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүзеге асырылып келеді. Құқық қорғау жүйесін жаңғырту, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру – осы бағыттағы маңызды қадамдар. Бұл шаралардың барлығы қоғамда әділеттілік пен ашықтық қағидаларын орнықтыруға бағытталған.
Алайда заңның күші тек жазалау шарасымен өлшенбейді. Оның шынайы пәрмені – алдын алу, түсіндіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыруда. Жастарға құқықтық білім беру, олардың бойына адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын сіңіру – болашақтағы тәртіптің кепілі. Өйткені заңды құрметтеу отбасынан, мектептен басталады.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ




